ТАУКЕНТТЕ АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Әрбір азаматтың өз ортасына, туған жеріне, табиғат пен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін, жанашырлығын және шынайы патриотизмін айқындайтын «Адал азамат» (жауапты азамат) тұжырымдамасы қоғамда жаңа құндылықтарды қалыптастырып келеді. Аталған тұжырымдаманың түпкі қағидаттары ауыл-аймақты таза ұстау, абаттандыру жұмыстарына белсене үлес қосу және экомәдениетті дамыту идеяларымен тікелей үндеседі. Осы бағыттағы игі істерді жүйелі жалғастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Созақ ауданына қарасты Таукент кентінде ауқымды тазалық және абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.

 Мақсатты түрде атқарылған жұмыстар барысында кенттің көшелері мен қоғамдық орындары қоқыстан толығымен тазартылып, тұрғындар мен жас ұрпақ демалатын балалар ойын алаңдары ретке келтірілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен жайлылықты арттыру мақсатында көше жарықтарына сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер өткелдері мен автокөлік жолдарының сызықтары мен жолақтары қайта сырланды. Тұрғындардың өтініші мен қауіпсіздік талаптары ескеріліп, балалар ойын алаңдарындағы істен шыққан немесе сынған ойын құралдары дәнекерленіп, толықтай қалпына келтірілді.

Ұйымдастырылған ауқымды іс-шаралардың түпкілікті мақсаты – кент аумағының тұрақты тазалығын сақтау, тұрғындарға күнделікті өмір үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың санасына қоршаған ортаны қорғау мәдениетін сіңіріп, оны одан әрі нығайту.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар