Созақ ауданында экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл қорды молайту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында күзгі тал егу науқаны жоғары қарқынмен жүргізілді. Бұл шараға ауылдық округтер мен кент тұрғындары, мекеме қызметкерлері және аудан жастары белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Биылғы күзгі маусымда аудан аумағында барлығы 22 500 түп тал көшеті отырғызылды. Көшеттердің басым бөлігі Шолаққорған – Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына, ауылдардағы саябақтар мен демалыс аймақтарына, негізгі көшелердің бойына, әлеуметтік нысандардың ауласына және елді мекендердің көрікті орындарына егілді. Бұл шаралар ауданның көгалдандыру деңгейін арттырып, экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің аумағын абаттандыру, қоқыстан тазарту, жасыл желектерді көбейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Президенттің бұл бастамасы қоғамның экологиялық санасын арттырып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті күшейтуде маңызды рөл атқарады. Бұл акцияның сәтті жүзеге асуы әрбір қазақстандықтың белсенді қатысуына байланысты.
Созақ ауданындағы бұл ауқымды көгалдандыру жұмыстары да аталған бағдарламаның маңызды бір бөлігі болып табылады. Жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен күш-жігері арқасында аудан көркейіп келеді. Бұл игі бастамалар ауданның экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін күшейтеді. Келешекте де мұндай ауқымды экологиялық шаралардың жалғасын тауып, Созақ ауданының жасыл аймаққа айналуына үлес қосатынына сенім мол.
