Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүкіл ел бойынша қызу қолдау табуда. Бұл игі бастамаға Түркістан қаласының сот саласының өкілдері де белсене атсалысты.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық Сот төрағасы Айдос Едігеұлының басшылығымен сот қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 150 түп қарағай ағашы көшетін отырғызды. Бұл шара қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған.
«Таза Қазақстан» акциясы – бұл экологиялық мәдениетті арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға және ел аумағын абаттандыруға бағытталған ауқымды республикалық шара. Түркістан өңірінің судьялары мен сот қызметкерлерінің бұл бастамаға белсенді қатысуы қаланың экологиясын дамытуға қосқан үлкен үлесі болып табылады.

Жаңадан бой көтерген ғимараттың аумағында өткізілген ағаш отырғызу шарасы қаланың жасыл қорын арттырып, оның көркін аша түсті. Мұндай экологиялық акциялар табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және жас ұрпаққа экологиялық мәдениетті насихаттауға зор маңыз береді.
Сот қызметкерлерінің бұл игі бастамасы басқа да ұйымдар мен азаматтарды осындай пайдалы істерге шабыттандыратынына сенімдіміз. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл әрбір қазақстандықтың өз елінің табиғатын сақтауға және болашақ ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға қосқан үлесі.
