Шымкентте «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы мүгедектерге ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және жұмысқа орналасу бойынша сүйемелдеу қызмет түрлерін көрсетеді. Әлеуметтік қолдау орталығының сүйемелдеуімен және Еңбек мобильділігі орталығының көмегімен жыл басынан бері мүгедектігі бар 1000-ға жуық азамат жұмысқа орналасқан.
Аталған орталық директорының орынбасары Гүлзия Белгібаеваның мәлімдеуінше, Шымкент қаласында 41 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүруде. Нақтысы қаламызда қазір 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 614 адам – бірінші топ, 15 455 адам – екінші топ, 13 505 адам – үшінші топ және 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар. Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шектеусіз жүріп-тұруы үшін 28 инватакси қызмет көрсетеді.
– Бізде 4 бөлім жұмыс істейді. Оның біріншісі – ақпараттық кеңес беру бөлімі, екіншісі — құқықтық қызметтер көрсету бөлімі, үшіншісі – әлеуметтік психологиялық кеңестер берілетін бөлім, ал төртіншісі – жұмыспен қамтуға орналасуға жәрдем көрсетуге кеңес беру қызметтері көрсетілетін бөлім. Орталықта мүгедектігі бар азаматтар үшін түрлі арнайы тренингтер өткізіледі. Бұл ретте психологтар бар мүмкіндігін пайдаланып, олардың психологиялық мәселелерін шешуге ұдайы көмектесіп отырады. Бізді қуантатын нәрсе – мүгедектігі бар азаматтар орталыққа келгенді ұнатады және қалап тұрады. Тек келіп қана қоймай, бір нәрсе білмекке, үйренбекке деген қызығушылықтары басым. Мәселен, 70-ке келген бір апайымыз бар. Компьютерде жұмыс істеуді үйренгісі келетінін айтып, бүгінде көп нәрсе үйренді.
Әлемуеттік психологиялық қызметтер көрсету бөлімінде мүгедектігі бар азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береміз. Олар еңбек терапиясмен айналысады. Қолдың моторикасын жақсарту мақсатында түрлі дәнді-дақылдармен жұмыс жасайды. Сурет салады. Әртүрлі моншақтардан түрлі бұйымдар жасайды, тоқыма тоқиды, ән айтады. Кітапханамыз да бар. Зағиптарға арналған кітаптар бізде жоқ. Дегенмен, Шымкенттегі соқырлар қоғамының кітапханасымен жасалынған екі жақты меморандум бар. Соның негізінде брайль әріптерімен жазылған кітаптарды уақытша алдыртамыз, – дейді Гүлия Байзаққызы.
Жұмыс табудың бірден-бір жолы – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Орталық директорының орынбасарының айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің көмегі көп болған.
Жыл басынан бері Шымкент қаласы әкімдігі мен Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастырумен «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедек азаматтар үшін 4 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңесі өткен. Онда білім, медицина, сауда, қаржы және кәсіпорындар мен еңбек нарығында сұранысқа ие басқа да салалар бойынша жұмыстар қарастырылды. Атап айтқанда, 29 ақпанда Мансап орталықтарымен бірлесе өткен алғашқы жәрмеңкеде 22 жұмыс беруші 1500-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды.
Ал 25 шілдеде өткен «Жастарға жұмыс» жобасы аясында республикалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада қала аумағындағы 150-ге жуық мемлекеттік және жекеменшік мекемелерден 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Үшіншісі 15 тамызда өтіп, оны «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды. Онда 15 мекемеден 500-ге жуық тұрақты бос жұмыс орны және субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 701 мекемеде 1079 орын болды.
Соңғысы 27 тамыз күні Арбат алаңында өтіп, 20 жұмыс беруші 300-ге жуық жұмыс орындарын ұсынды. Қазір Шымкент қаласында 270 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.
Гүлия Байзаққызының айтуынша, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында Еңбек мобильділігі орталығы арқылы жолданған мүгедектігі бар 3 азамат жұмыс істейді.
– «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында арбада отырған азаматтар бар. Олар 8 сағат жұмыс істемейді, тек 6-7 сағат қана рұқсат етіледі. Қоғамдық жұмыспен еңбек етіп жатқан 3 азамат бар. Оның екеуі – I топ, үшіншісі – II топ мүгедегі. Бізде өзіне-өзі қызмет көрсету деген бұрыш бар, жұмыс істейтін азамат орталыққа келген мүгедектігі бар азаматтарға eGov.kz порталын пайдалану кезінде көмек береді. Бір апайымыз ресепшнда отырады. Үшінші апайымыз қолөнермен айналысады. Моншақ, бисерлерден түрлі бұйымдар жасайды. Тоқыма тоқиды, – дейді орталық директорының орынбасары.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «TEN QOGAM» орталығы 2021 жылы желтоқсан айында ашылған. Мүгедектігі бар азаматтардың кейбірі орталық жайлы білмеуі мүмкін, мамандар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, онда арнайы ктіпашалар таратады. Сол арқылы «TEN QOGAM» орталығын іздеп келетіндер бар.
Бұдан бөлек, мүгедектікке шыққан сәтте медициналық сараптау комиссиясындағылар орталық туралы мағлұмат береді. Соның арқасында орталыққа келушілердің қатары біртіндеп көбейіп келе жатыр.
– Шымкентте үйде отырып қалған мүгедектер өте көп. Солар бізге аптасына екі рет келіп кетсе, өзгелермен танысып, шүйіркелесіп, көңілдері басқа жаққа бөлінетін еді. Мұнда компьютерді үйренеді, ән салады, кітап оқиды, сурет салады, қолөнермен айналысады. Орталыққа келіп-ақ, сөмке, аяқ-киім тігуді үйренген апайлар бар. Қызметкерлермен бір уақытта бір минут кешікпей келетіндер де бар арасында. Өйткені оларға осында уақыт өткізу өте қызық. Алыс тұратындарға ертерек қайта беріңдер десек, кеткілері келмей тұрады. Біздің орталыққа келген мүгедектігі бар азаматтар уақыттарын тиімді әрі көңілді өтікізеді. Біздің мекенжайымыз: Әл Фараби ауданы, Аймауытов көшесіндегі 130 үйде орналасқанбыз. Дүйсенбіден бастап жұмаға дейін жұмыс істейміз. Есігіміз әрдайым ашық, – дейді «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлия Белгібаева.