ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 14 АЗАМАТ ТҮРМЕГЕ ҚАЙТА ЖІБЕРІЛДІ

Түркістан облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтарды тексеру барысында белгіленген талаптарды бұзған 14 адам түзеу мекемелеріне қайта жіберілді.

Түркістан облысының полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алу және қайталама қылмыстарға жол бермеу мақсатында профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп жатыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыста шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 242 тұрғын және әкімшілік қадағалауда тұрған 157 азамат есепте тұр. Тәртіп сақшылары олардың заң талаптарын және белгіленген шектеулерді сақтауын тұрақты бақылауда ұстайды.

Сонымен қатар бақылауды күшейту мақсатында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалауда тұрған және сот шешімімен үйқамаққа алынған азаматтарға электрондық білезіктер тағылған. Бұл құрылғылар олардың жүріп-тұруын бақылауға және сот белгілеген талаптардың орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде белгіленген талаптарды бұзған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 14 адам түзеу мекемелеріне қайта жіберілген.

Полиция профилактикалық есепте тұрған азаматтарды бақылау жұмыстары құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар