Мемлекет басшысының Жолдауларында айтылған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда. Осы игі бастамалар аясында Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – көлік қозғалысын тиімді реттеу, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және ең бастысы, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын жаңғыртуға және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған елеулі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, қала аумағында жалпы саны 1 748 жол белгісі орнатылды. Бұл белгілердің 310-ы ерекше назар аударуды талап ететін білім беру ұйымдарының маңына қойылды. Бұл шара мектеп оқушылары мен жас ұрпақтың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, 400 шақырым жол таңбалары жаңартылып, көлік қозғалысын реттеудің тиімділігі арттырылды. 200 жаяу жүргінші жолағы қайта сызылып, жаяу жүргіншілердің жолды қауіпсіз өтуіне жағдай жасалды.
Мектептер мен халық көп шоғырланатын аймақтарда көлік жылдамдығын азайту мақсатында жалпы ұзындығы 306 метрді құрайтын 35 орынға жасанды жол кедергілері орнатылды. Бұл шара жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Сондай-ақ, қаланың 7 жеріндегі бағдаршам жаңартылып, заманауи талаптарға сай келтірілді. Бұған қоса қосымша 5 аймақта жаңа бағдаршам орнату жоспарлануда, бұл көлік қозғалысын одан әрі реттеуге ықпал етеді.
Түркістан қаласы әкімдігінің бастамасымен қоғамдық қауіпсізтікті арттыру бағытында бейнебақылау жүйесін жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар қылмыстың алдын алуға, жол ережелерін бұзушылықтарды тіркеуге және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылы 410 бейнебақылау камерасына қызмет көрсетіліп, оның ішінде 200 камера жаңғыртылды. Бұл камералардың жұмыс істеу қабілетін арттырып, бейнетіркеу сапасын жақсартты. Сонымен қатар, қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылуда. Бұл шара қаланың әртүрлі нүктелеріндегі бақылау аймағын кеңейтіп, қауіпсіздік деңгейін арттырады.
2026 жылы қалада 275 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылатын болады. Бұл жоспарлы жұмыстар Түркістан қаласын «ақылды қала» қағидаттарына сай дамытуға және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға зор үлес қосады.
Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басымдықтарға толықтай сәйкес келеді. Жол инфрақұрылымын жаңғырту, жол белгілері мен таңбаларын жаңарту, жылдамдықты шектеу шараларын енгізу және бейнебақылау жүйесін жетілдіру арқылы қала билігі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға және жалпы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасауда. Бұл жұмыстар Түркістан қаласының тұрғындары үшін қауіпсіз және ыңғайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды инвестиция болып табылады.
