Халықты баспанамен қамту мәселесі – мемлекет үшін қашан да басым бағыттың бірі. Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бойынша бүгінде Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс құрылғаннан бергі 7 жылда пайдалануға тапсырылған тұрғын үй алаңы 3 есе артып, 1153 мың шаршы метрге жетті. 2018 жылы 388 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш» деп атап өтіп, мемлекет шын мұқтажға жәрдем беретіндігін үнемі айтып келеді. Жыл сайын өңірімізде халық игілігі үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің қатары көбеюде. Түркістан облысы құрылғалы бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. Ал, жалпы облыста тұрғын үй кезегінде 69 мың азамат тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды. Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2 000-нан астам отбасы қамтылды.
Жыл басынан бері өңірде 306,1 мың шаршы метр үй тапсырылды. Жыл соңына дейін жалпы алаңы 1 млн 60 мың шаршы метр 231 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде, көпқабатты тұрғын үйлер – 428,8 мың шаршы метр болса, жеке тұрғын үйлер есебінен 631,2 шаршы метр салынады. Нәтижесінде, 6 891 отбасы баспаналы болады.
Бұл өңіріміздің болашағы зор, әлеуетінің мол екенін көрсетеді.
Ел Президентінің қолдауымен облыс орталығы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналып отыр.