УРАН КОМПАНИЯСЫ ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА ЗОР ҮЛЕС ҚОСУДА

Созақ ауданындағы «СП «Инкай» ЖШС Қазақстандағы уран өндіру саласындағы айтулы кәсіпорындардың бірі болып табылады. Компанияның 30 жыл бойы өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осыған орай Созақ ауданында «Инкай» кәсіпорнының мерейтойына қатысып, компанияның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты.

Өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, спорт кешені, асхана, демалыс аймақтары, тұрғын блоктар мен жаттығу залы көрсетіліп, компанияның қызметі мен жетістіктері туралы ақпарат ұсынылды.

Салтанатты жиында облыс әкімі компания ұжымын мерейтоймен құттықтап, «Инкай» кәсіпорнының өңірдің дамуына қосқан маңызды үлесін атап өтті.

Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының кәсіпорындардан әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын еске түсіріп, «Инкай» компаниясының жергілікті халықтың әл-ауқатын көтерудегі рөлін атап өтті.

«Созақ ауданының экономикалық күретамырына айналған «Инкай» компаниясы өз міндетін абыроймен атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Компания мемлекетіміздің сенімді стратегиялық серіктесі ретінде өзіндік кірісті көбейтіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға да өз ықпалын тигізіп жүр», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімі, сондай-ақ, отыз жыл ішінде компанияның жаңа мектептер, заманауи медициналық және спорттық нысандар салудағы, инфрақұрылымды дамытудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы үлесін жоғары бағалады.

Сонымен қатар,  «Инкай» компаниясының экологиялық тұрақтылық және елді мекендерді абаттандыру жобаларындағы белсенділігін, сондай-ақ бизнестің халықпен тығыз байланысын ерекше атап өтті. Ол компания ұжымына алғыс айтып, алдағы уақытта да «Инкай» компаниясының Түркістан облысының өркендеуіне және ұлттық экономиканың дамуына өз үлесін жалғастыратынына сенім білдірді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар