Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының төрағасы, қалалық маслихат депутаты Абзал Зейнетаев бастаған топ партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасын жүзеге асыру барысын қадағалау мақсатында Ақжар шағынауданындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан 600 орындық мектептке зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Топ құрамында Шымкент қалалық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Нұрғали Ешенқұлов, қалалық партиялық бақылау инспекторы Айжарқын Абилдаева және Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Бақтыбай Әліпов болды.
Мектептің құрылыс жұмыстарын «Отау-Строй» ЖШС-і жүргізуде.
Құрылыс компаниясының учаске бастығы Есенбай Еркін құрылыс жұмысының барысымен таныстырды.
Бүгінгі күні құрылыс нысанында 200 құрылысшы еңбек етуде. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, ғимаратты мерзімінде, яғни 20 желтоқсанға тапсыру жоспарлануда.
Зерделеу тобы құрылыс нысанын толық аралап шықты.
«AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының төрағасы, қалалық маслихат депутаты Абзал Зейнетаев құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығын, осыдан екі апта бұрын келгендегіден айтарлықтай өзгеріс болмағанын сынға алды. Жұмысты қарқынды жүргізу, жұмысшылардың санын көбейту және ғимараттың айналасын абаттандыру, қоршау жұмыстарын жылдамдатуға баса назар аудару керектігі айтылды.
Мониторингтік топ құрылыс нысаны қолданысқа берілгенге дейін толық бақылауда болатындығын және 10 күннен кейін қайта зерделеу жұмыстары жүргізілетіндігін ескертті.