Шымкент қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығының филиалдары «Мансап орталығы» атауымен жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бұл орталық тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмек бағытында қызмет көрсетіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы Қаратау ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Жаннат Бахытжанқызы ОСПАНХАНОВАМЕН жыл басынан бері атқарған жұмыстары туралы сұхбат құрған едік.
— Жаннат Бахытжанқызы, қалалық Еңбек мобильділігі орталығы жұмысының негізгі бағыттары қандай? Толығырақ айтып берсеңіз…
— Шымкент қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту Ұлттық жобасы» аясындағы бағдарламаларды жүзеге асырады.
Біріншіден, азаматтарды жұмыс іздеуші ретінде тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды.
Екіншіден, жұмыссыздарға тұрақты жұмыстан бөлек, уақытша ақылы жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады.
Үшіншіден, жұмыс берушілер азаматтардың бөлек санаттарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды.
Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқарады. Орталыққа 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі қаламыздың жұмыссыз азаматтары келіп, жүгінуге құқылы.
— Жұмыссыз жастарға арналған қандай мемлекеттік көмек бар?
— Жастардың көбі оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Ал, мемлекеттік бағдарламаның мақсаты — жұмыссыз жүрген азаматтардың мәселесін нәтижелі шешу. Оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыс тәжірибесіне ие болуы үшін мемлекет «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын ұйымдастырады. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы меңгерген кәсібі, мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының, оқуды аяқтағаннан кейінгі 5 жыл ішінде өз мамандығы бойынша еңбек өтілі жоқ және 35 жасқа дейінгі түлектер қатарындағы жұмыссыздарға арналған. Биылғы жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2024 жылы Айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге, сонда 110 760 теңге жалақыны мемлекет субсидиялайды.
— Жыл басынан бері неше қатысушыға жолдама берілді?
— Шымкент қаласында аудандық Мансап орталықтары арқылы жыл басынан бері бағдарламаның 2000-нан астам қатысушысына жолдама берілді. Олардың қатарында жолданған мамандардың арасында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник мамандығын иеленген жас мамандар бар. Жыл соңына дейін жастарды тағы да қосымша жұмыспен қамту жоспарымызда бар.
— Оған қатысу үшін қайда бару керек және қайда тіркеледі?
— Ол үшін қатысуға ниеті бар жас маман Еnbek.kz порталында ЭЦҚ арқылы «жұмыссыз» мәртебесімен тіркеледі. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан Мансап орталығына бара алады.
— Сіздерге тіркелген жұмыссыздарды қандай санаттарға бөлесіздер?
— Жалпы, бізге тіркелген жұмыссыздарды әртүрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінде қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. Ол «Жастар тәжірибесі», «қоғамдық жұмыс», «әлеуметтік жұмыс орындары» және т.б. бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Сол секілді қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға да жолдаймыз.
— Кәсіби білімі жоқ қала тұрғындарына қандай көмек көрсетесіздер?
— Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша азаматтарды оқыту биылғы қыркүйек айында жүзеге асырылды. Яғни, биыл 1000 жұмыссыз шымкенттік оқуға жолданды. Азаматтардың арнайы білімі болмаса немесе біліктілігін жоғалтып алған жағдайда осындай оқуларға арнайы жібереміз.
Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 30-дан астам тиісті мамандықтар тізбесі бекітілді. Олар дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик, бухгалтер, визажист, шаштараз, аспаз секілді мамандықтар. Ай сайын шәкіртақы мен жалақы қарастырылған.
Осы орайда мынадай қосымша ақпарат бере кетейін.
Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды және Бағдарламаға мынадай жағдайда қатысуға болады:
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауына, лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болғанда;
3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқанда, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан және зейнет жасына дейінгі азаматтар қатыса алады.
Оқуын тәмамдаған азаматтарға біліктілік куәліктері табысталады.
— Қала тұрғындарының уақыт тиімділігін арттыру мақсатында қандай жағдай жасалған?
— Шымкент қаласындағы бес ауданда Еңбек мобильділігі орталығының Мансап орталықтары халыққа қызмет көрсетеді. Олар: Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандары. Бұл қала тұрғындарының уақытын тиімді ету және сапалы қызмет көрсету мақсатында жасалды. Оған қоса, Мансап орталықтарында жұмыс берушілерді қолдау және кәсіптік оқыту бөлімдері де ашылып, сапаны жоғарылату мақсатында жұмыс жасалуда. Тағы айтарым, әр ауданда Мансап орталықтарында «өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары бар. Бұл орталыққа келушілерге ыңғайлы жағдайда мемлекеттік қызметтер мен қажетті анықтамаларды ХҚО (ЦОН) бөлімшелеріне бармай-ақ, тұрғылықты мекенжайға жақын Мансап орталығында қызмет ала алады. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызметтерді Egov.kz порталы арқылы алуға мүмкіндік бар. Азаматтың тек ЭЦҚ-сы болуы шарт.
— Осы ретте Шымкент қаласындағы бес аудан бойынша Мансап орталықтарының мекенжайын айта кетсеңіз…
— Әл-Фараби ауданы бойынша Мансап орталығы А.Байтұрсынов көшесі, №201 үйде орналасқан. Ал Абай ауданы бойынша мекенжайы Арғынбеков көшесі, 243/3; Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығы Астана шағынауданы, 116 үйде; Қаратау ауданы бойынша Нұрсәт шағынауданы, С.Бәйтереков көшесі, №89 үйде; ал Тұран ауданына қарасты Мансап орталығы Қазыбек би көшесі, №89 үйде орналасқан. Жұмыс күндері осы аталған мекенжайлар бойынша барып, өзіңізді мазалаған сауалдар бойынша жауап таба аласыздар.
— Сұхбатыңызға рахмет!
NARKESKEN.KZ