Елімізде NEET жастарын қоғамға қайта қосу, олардың кәсіп бастауына мүмкіндік беру мақсатында 1 миллион теңге қайтарымсыз грант ұсынатын «ZHAS PROJECT» жобасы ұйымдастырылады. Жобаға 18 бен 35 жас аралығығында NEET категориясындағы қатыса алады. Биыл Шымкент қаласының белсенді 20 қыз-жігіті — «ZHAS PROJECT» жастар жобасының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алды, — деп хабарлайды Narkesken.kz сайтының тілшісі.
Дильрабо Маметдинова – «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанған 20 шымкенттік жастың бірі. Ол тандыр нан пісіріп, оны тұрмысы төмен отбасыларына тегін таратады. Ол «Zhas Project» жобасында «Қайырымды тандыр нан» тақырыбында жобасын қорғап, жеңімпаз атанғанды. Оның мақсаты – қала тұрғындарын экологиялық таза тандыр нанымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұсынылған өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне де баса назар аудару.
«Нан – бұл өмірдің негізі, әр адамның күн сайын тұтынатын қажетті және пайдалы өнімі. Нанға сұраныс әрқашан жоғары, ал оның өндірісі кез келген уақытта табысты кәсіп болып табылады. Нан күнделікті тамақта пайдаланылады, сондықтан оның дәмді әрі пайдалы болуы өте маңызды. Нан өндірісі әлеуметтік маңызы бар салаларға жатады. Жоба аясында тандыр нанын пісіру технологиясы бойынша тегін шеберлік сыныптары өткізілді. Сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға тегін нан таратылды», – дейді Дильрабо Маметдинова.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жоба Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.
«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу.
Жалпы, NEET санаты деген не? Ол топқа кімдер жатады?
Қазақстандағы NEET жастары 7 санатқа бөлінеді:
- білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдар;
- жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
- еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
- білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
- оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ, күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
- денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
- бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.
Жоба ұйымдастырушысы «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, шағын грант байқауына 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.