26/11/2024

«ZHAS PROJECT»: ҚҰРБАНАЛЫ ЭЙБОВ ОСАЛ ТОПТАН ШЫҚҚАНДАРҒА ВУЛКАНИЗАЦИЯ ҚЫЗМЕТІН КӨРСЕТЕДІ

Биыл Шымкент қаласында  NEET тобының 20 қыз-жігіті «ZHAS PROJECT» жастар жобасының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алды, — деп хабарлайды Narkesken.kz сайтының тілшісі. 

«Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанғандардың бірі – Құрбаналы ЭЙБОВ. Ол «Дөңгелек дәнекерлеу орталығы» атты жобасын қорғады.

«Менің жобамның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтардан шыққан жеңіл және жүк автомобильдерінің жүргізушілеріне тегін қызмет көрсетемін. Мәселен, жаңа жетілдірілген технология арқылы доңғалақтың тіпті үлкен кесінділері мен ақауларын жөндеуге мүмкіндік беретін тегін автошина вулканизациясы қызметі көрсетіледі», — дейді Құрбаналы Эйбов.

Қазақстанда NEET санатына жастардың 4 тобы енгізілген. Олар: жұмыссыз жастар – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, мерзімді әскери қызметтен өткен колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері; нәтижелі қызметке қабілетті, мүмкіндіктері шектеулі; белсенді емес жастар – алкогольге және есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін, созылмалы аурулардан зардап шегетін және тиісті оңалтудан өтетін, жұмыс іздеумен немесе оқумен айналыспайтын; үй шаруашылығымен айналысатын – жұмыс іздеумен немесе оқумен айналыспайтын үй шаруасындағы туыстарына, үй шаруасындағы әйелдер, оның ішінде көп балалы аналар мен жалғызбасты аналар.

«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу.

2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған.

«Zhas Project» жобасы жастарға өз идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, кәсіпкерлік қызметте құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Жобаға қатысу үшін 18-35 жас аралығындағы, Қазақстан азаматтығы мен уақытша тұрақсыз жастар мәртебесін қоса алғанда, белгілі бір өлшемдерге сәйкестік маңызды шарт болып табылады.

«Zhas Rroject» жобасы NEET жастарының әлеуметтік маңызды бизнес-жобаларын еліміздің түрлі өңірлерінде іске асыруға бағытталған. Жобаны әзірлеуге және іске асыруға 4 ай бөлінеді, оның барысында қатысушылар қажетті қолдау мен сүйемелдеуді алады. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылған әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы және ҚР заңнамасына қайшы келмеуі тиіс. Коммерциялық қызметке, құрылыс жұмыстарына немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға бағытталған жобалар алынып тасталады.

«Zhas Project» жобасын ұйымдастырушы «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.

«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар