26/11/2024

«ZHAS PROJECT»: МАТЕМАТИКА ОҚУ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

Талшын ТАЛҒАТҚЫЗЫ   «Zhas Project» жобасының NEET тобы жастарына арналған байқауының жеңімпазы атанған 20 шымкенттік жастың бірі. Ол математика оқу орталығын ашу бойынша жобасын сәтті  қорғап, 1 млн теңгенің қайтарымсыз грантына ие болды.

Жас әрі талантты математика мұғалімі қайтарымсыз грант есебінен өзінің «Аманат» математика оқу орталығын ашты. Балаларға математикалық білім мен дағдыларды үйрететін орталықта ол көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға математикадан тегін сабақтар өткізеді.

«Мұндай күрделі ғылымды үйрену өз жемісін беріп келеді. Балалар мектепте жақсы бағалар алады және осылайша оқу табыстарының деңгейін арттырады. Ал біз бар білгенімізді үйретуден аянып қалмаймын», – дейді Талшын Талғатқызы.

Жас маман балаға математиканы оқытудың пайдасымен бөлісті. Айтуынша, математика логикалық ойлауды, проблеманы шешуді, талдауды және синтездеуді дамытады. Балалар сандармен, фигуралармен жұмыс жасау арқылы абстрактілі ойлауды үйренеді. Ал, формулаларды, теоремаларды жаттау және қолдану есте сақтау қабілетін жақсартады.

«Есептерді шешу зейіннің шоғырлануын, ұқыптылықты және тұрақтылықты талап етеді. Математикада бірнеше шешімдері болуы мүмкін есептер кездеседі, бұл баланың шығармашылық ойлауын дамытады», – дейді Талшын.

Жас математиктің айтуынша,  сандармен жұмыс жасау, пайызды есептеу, бюджетті жоспарлау сияқты күнделікті өмірде қажетті дағдыларды қалыптастырады. Математика өмірдегі түрлі проблемаларды шешуде қажетті дағдыларды қалыптастырады. Күрделі есептерді шешу баланың табандылық және шыдамдылық сияқты қасиеттерін дамытады екен.

Айта кетейік, «Zhas Project»  жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылады. «Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу.

Қазақстанда «Zhas project» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Жобаға 18 бен 35 жас аралығығында NEET категориясындағы жастар қатыса алады.

Қазақстандағы NEET жастары 7 санатқа бөлінеді:

  1. Білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдар;
  2. Жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
  3. Еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
  4. Білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
  5. Оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ, күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
  6. Денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
  7. Бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.

NEET жастары конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.

«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.

Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.

2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар