Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Michigan State University (АҚШ) түлегі Мақсат Көшербаев пен Үндістанның Джавахарлал Неру университетінің профессоры Манджу Кхари Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқытушылары мен студенттеріне дәріс өтті.
Дәріс ҚР Қаржы мониторингі агенттігі ұйымдастырған қаржылық қауіпсіздік бойынша FinIQ республикалық диктант-тесті аясында өтті. Бұл бастама азаматтардың қаржылық сауаттылығын және цифрлық тұрақтылығын арттыруды мақсат етеді.
Кездесудің негізгі тақырыбы — жасанды интеллекттің қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, сонымен қатар қаржылық және киберқылмыстармен күрестегі маңызы болды.
Профессор Манджу Кхари жасанды интеллект технологияларының қаржылық алаяқтық пен киберқауіптерді болдырмаудағы маңыздылығын атап өтіп, цифрлық қауіпсіздік саласындағы халықаралық тәжірибе алмасудың қажеттілігіне тоқталды.
«Жасанды интеллектінің көмегімен күмәнді транзакцияларды анықтауға болады, бұл ақшаны иемденіп үлгермей тұруға және алаяқтықтардың әрекеттерін бірден анықтап, азайтуға мүмкіндік береді. Алайда, ЖИ-дің қауіпсіздігін арттыру үшін оны жаңа схемаларға бейімделу қажет.
Жасанды интеллект – банктердің қауіпсіздігін арттырып, клиенттердің сенімін нығайтатын маңызды құрал. Қазіргі цифрлық заманда мұндай технологиялар жай артықшылық емес, тұрақты жұмыс істеудің міндетті талабы» деп атап өтті профессор Манджу Кхари.
Мұндай кездесулер ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықты дамытып,
елдер арасындағы байланыстарды нығайтып, стратегиялық маңызды салаларда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу бойынша Қазақстанның мемлекеттік басымдығын көрсетеді.
