«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТӘЛІМДІ ТӘРБИЕ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Шымкентте Tashenev University-дің«Ақ үй» студент жастар орталығында Абай ауданының ардагерлер кеңесі ұйымдастырған «Жасанды интеллект және тәлімді тәрбие» атты семинар-кеңес өтті. Іс-шараға қалалық ардагерлер ұйымының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.

Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, ел дамуының басым бағыттары жөнінде пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, жасанды интеллект дәуірінде жас ұрпақты тәрбиелеу және ұлттық руханиятты нығайтудың маңыздылығы ерекше аталып өтті.

Кездесуде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылым мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу, соның ішінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуіріне бейімделу мәселелері кеңінен қозғалды.

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев өз сөзінде:

«Бүгінгі жиында біз Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын талқылап отырмыз. Президент Жолдауын үстірт шолып өтпей, оның әрбір бастамасын терең түсініп, күнделікті қызметімізде басшылыққа алуымыз қажет. Бұл құжатты еліміздің болашағын айқындайтын басты бағдар ретінде қарауымыз керек. Жасанды интеллект – құрал ғана. Ал нақты интеллект – адамгершілік, мейірім мен жауапкершілікте. Жаңа технологияларды меңгере отырып, ұрпақтарымыз ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті ұмытпауы қажет», – деп атап өтті.

Семинардың модераторы, «Ж.Ташенев атындағы университеті» АҚ басқарма мүшесі, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсын оқу орнының басты міндеті – цифрлық сауатты ғана емес, адами қасиеттері жоғары тұлға тәрбиелеу екенін атап өтті.

Семинар барысында қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында көтерілген адами капиталды дамыту мәселелерін, ұлттық тәрбие мен заманауи технологияларды ұштастыру жолдарын талқылады.

Ңс-шара соңында қатысушылар жас ұрпақтың рухани дамуы мен цифрлық сауаттылығын қатар жетілдірудің маңызын атап өтті. Tashenev University білім мен тәрбиені, инновация мен дәстүрді ұштастыратын білім ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар