Шымкентте жастардың IT саласына қызығушылығын арттыру мақсатында Shymkent Hub 15 шілдеден бастап жазғы лагерін іске қосты. Лагерь 1 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.
Жазғы дамыту орталығына IT саласында дамуға қызығушылығы бар, мансабын енді бастағысы келетін, бірақ менторлықтың жетіспеушілігін сезінетін 15 оқушы мен студент іріктеліп алынды. Қатысу – тегін. Жастар аптасына екі рет, екі сағаттан келеді.
Міндетті шарт-бағдарламалаудағы білімнің бастапқы деңгейі: олар айнымалылар, циклдар, функциялар деген не екенін түсіндіруі керек, HTML/CSS/JS немесе басқа тілдердің негіздерін білуі керек.
Лагерьде IT салаcының қыр-сыры, жаңа бастамалар мен түрлі бағдарламалар талқыланады. Еліміздің үздік мамандары келіп, тәжірбиесімен бөліседі. Талантты жастар бұл жерде Frontend және Backend бағдарламалау негіздерін, Git, API, дерекқорлармен жұмыс істеуді үйренеді. Топтық жұмыс және нақты практикалық тапсырмаларды орындап, тәжірибелі менторлармен бірге өз жобасын жасайды.
Лагерь соңында жастар Demo Day жобаларды қорғауы тиіс. Shymkent Hub өңірлік технопаркінің мақсаты – жай ғана үйрету емес, жастарды нақты жобаларға дайын IT маманға айналдыру.
Айта кетейік, Shymkent Hub өңірлік технопаркі қолдауымен өткен жылы тамыз айында ашылған. Аталған технопарк бүгінде оңтүстіктегі ғана емес, тұтас еліміздегі IT саласын ілгерлетуге мүмкіндік беретін StartUp жобалардың ұйытқысы болып отыр. Бір жылға жуық мерзімде Shymkent Hub озық ойлы жастарды біріктіретін заманауи ортаға айналып үлгерді. Жас таланттар мұнда жарқын идеяларын жүзеге асыру үшін ең үздік тәжірибелер мен ресурстарға қол жеткізе алады. Бұл бастама өңірдегі талантты мамандарды қолдап, олардың кәсіби өсуі мен дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Shymkent Hub қабырғасында Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламалары жүзеге асырылады. Мұнда IT-қауымдастықтың қалыптасуына ықпал ететін игі шаралар өтеді.