Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен қолға алынған «Қаржылық қауіпсіздік алауы» аймақтық эстафетасы Созақ ауданында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру және алаяқтықтың алдын алу мәдениетін нығайту мақсатында табысты жалғасын тапты.
Бұл іс-шара еліміздің әр өңірінде қаржылық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, жастарды ақпараттандыруға бағытталған маңызды жобаның бір бөлігі болып табылады.
Созақ ауданында өткен эстафетаға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, қаржы саласының мамандары, спортшылар және ауданның белсенді жастары қатысып, шараның мәні мен маңыздылығын арттырды. Қаржылық қауіпсіздікті насихаттайтын алауды жағу рәсімі, жастардың бұл бастамаға деген белсенділіктері мен жауапкершіліктерінің айқын көрінісі болды.
Шараның негізгі бөлігі ретінде ұйымдастырылған жүгіру марафоны, аудан жастары мен спортшыларының қатысуымен өтті. Бұл спорттық іс-шара, тек денсаулықты нығайтумен шектелмей, сонымен қатар қаржылық қауіпсіздік идеясын жастар арасында кеңінен таратуға ықпал етті. Жастардың белсенді қатысуы, олардың бұл мәселеге деген қызығушылығын және оны шешуге деген ұмтылысын көрсетті.
Эстафета аясында өткізілген кездесулер мен семинарлар барысында «Заң мен Тәртіп» қағидаларына ерекше мән беріліп, олардың маңызы жан-жақты түсіндірілді. Жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына тоқталып, азаматтардың өз ақпараттарын қалай қорғау керектігі туралы нақты кеңестер берілді. Бұл, әсіресе, цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқан жастар үшін өте өзекті мәселе.
Сонымен қатар, банк карталарын пайдалану ережелері, интернет-банкингтегі қауіпсіздік шаралары, онлайн-алаяқтықтың әртүрлі түрлері және олардан сақтану жолдары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Мамандар, алаяқтардың қолданатын әдістерін ашып көрсетіп, жастарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге кірмеуге және өздерінің қаржылық ақпараттарын ешкімге бермеуге шақырды.
Жалпы, қазіргі заманда қаржылық сауаттылық – бұл тек ақшаны үнемдеу немесе инвестициялау туралы білім ғана емес, бұл өмірдің ажырамас бөлігі, табысты және қауіпсіз болашақтың негізі. Әсіресе, жастар үшін бұл мәселе өте өзекті. Олардың ерте жастан қаржылық сауаттылықты игеруі, болашақта кездесетін қиындықтарға дайын болуға, дұрыс шешімдер қабылдауға және өз қаржылық мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді.
