«Жасыл ел» еңбек жасағы — Қазақстанда жастарды еңбекке тарту, елдің экологиялық жағдайын жақсарту және табиғатты қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Қозғалыс 2005 жылы құрылған. Бұл қозалыс жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тартуды, қоршаған ортаны қорғау, ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру, жастарды экологиялық сауаттылыққа үйрету, жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуды көздейді.
Шымкентте де «Жасыл ел» еңбек жасақтарында еңбек етіп жүрген жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Қалада 2024 жылғы маусымда 1313 жасты жұмыспен қамту жоспарланған.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жобасы Шымкентте жұмыссыз жастар санының азаюына ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, жоба көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сондай-ақ, жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға мүмкіндік тудырды.
Бағдарламаға 16 жастан 34 жасқа дейінгі оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Жастар күніне 4 сағаттан аспайтын жұмысқа тартылады.
Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасақтарына өтінім қабылдау мамыр айынан баcталып, ерікті жастардан топ құрылған.
Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар берілді. Айта кетейік, жастардың жұмыс тобы 5 ауданға бөлініп, күніне 4 сағаттан тиімді, пайдалы жұмыстар атқарып келеді.
Шымкент қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағы биыл елімізде биыл көктемде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосып келеді. Бұл акцияның мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, қаладағы тазалықты сақтау және табиғатты қоқыстардан тазарту. «Жасыл ел» жасағы жастардан құралған, олар түрлі аумақтарды, соның ішінде саябақтар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстарына атсалысты.
Айта кетерлігі, осы акция аясында «Жасыл ел» волонтерларының Шымкентте аяқ баспаған аумағы қалмады. Олар қаладағы бес ауданда ұйымдастырылған сенбіліктер, тазалық акцияларында қоқыс жинап, арам шөптерді орып, жабайы ағаштарды бұтап, жинап, арық-атыздарды тазалаумен айналысты. Қошқар ата өзені бойындағы демалатын орындарға тазалық және сырлау жұмыстарын жүргізді. «Аманат» партиясының бастамасымен қолға алынған «Таза бейсенбі» акциясы аясында Бадам өзені бойын қоқыстан тазартты. А.Асқаров атындағы Дендросаябақта өтетін сенбіліктерге «Жасыл ел» еңбек жасағынан 300-ге жуық мүшесі қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Олар тіпті тұрғын үй аулаларын қоқыс қалдықтарынан тазартып, ойын алаңшаларын сүртіп, бояп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
«Жасыл ел» еңбек жасағы мүшелері қазір де Шымкентте күнделікті ұйымдастырылып жатқан тазалық акцияларына белсенді қатысып жүр. Жастар, сонымен қатар, «Жасыл қала», «Эко-керуен», «Қамқор», «Салауатты ұрпақ», «Таза қала өзіңнен басталады» акциясы бойынша жұмыстар атқарады.
Мұндай акциялар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған және қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттайды. «Таза Қазақстан» акциясы арқылы табиғатты қорғауға деген назар артып, қоғамға экологиялық мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жасыл ел» еңбек жасағы Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс істейді және оған қатысушыларға уақытша жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Бұл қозғалыс жастарға экологиялық жобаларға қатысу арқылы жұмыс тәжірибесін жинақтап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға мүмкіндік береді.