ЖЕТІСАЙДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ САЙЛАУҒА ҚАТЫСУЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Демократиялық қоғамның басты сипаты — әрбір азаматтың мемлекеттік шешімдерге теңдей қатысуы. Осы бағытта елімізде мүгедектігі бар жандардың сайлау құқығын толыққанды жүзеге асыруына және кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде. Осы орайда Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен аудандық мәдениет үйінде әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған арнайы оқыту семинары өтті.

Жиынның басты мақсаты — алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды белсенді қатыстыру, дауыс беру процесінде ешқандай шектеу көрмеуін қамтамасыз ету жолдарын түсіндіру. Шара барысында Жетісай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Серіков мүгедектігі бар жандар үшін сайлауға қатысу өз құқығын қорғаудың және қоғамның толыққанды мүшесі екенін дәлелдеудің жарқын көрінісі екенін атап өтті.

Өз кезегінде комиссия хатшысы Д. Сейдикеримова Жетісай ауданында сайлауға дайындық барысы туралы баяндап, Қазақстан Республикасы «Сайлау туралы» Заңының 41-бабының 6-тармағына сәйкес дауыс беруді ұйымдастырудың құқықтық негіздерін түсіндірді. Әрбір ерекше қажеттілігі бар азаматтың сайлау учаскесіне кедергісіз келіп, өз таңдауын жасауы үшін жағдай жасау — ортақ міндет екені жеткізілді.

Қорытындылай айтқанда, сайлау кезінде кедергісіз ортаны қалыптастыру қоғамның адамгершілік өлшемі мен әрбір азаматқа деген құрметін айқындайды. Жетісай ауданында өткен бұл шара халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғаудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқасында әрбір азамат ел болашағына өз үлесін қоса алады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар