Түркістан облысы – елімізде тоқыма өндірісі, тігін индустриясы және былғары өңдеуді қоса алғанда, жеңіл өнеркәсіп дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Сонымен қатар, Түркістан – еліміз бойынша мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Бұған дейін елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып келген. Осыған орай облыста «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітіліп, 4 басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады.
Жол картасына сәйкес 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылып, Түркістан облысында мақта-тоқыма саласында 75 зауыт-фабрика ашу жоспарланған.
Бүгінде өңірде мақта өңдеудің толық циклін қамтитын, құны 147 млрд теңгені құрайтын 10 ірі зауыттың құрылысы басталды. Оның ішінде 4 мақта өңдеу зауыты, 4 тоқыма фабрикасы бар. Одан бөлек аудандарда ірі-ірі тігін фабрикалары ашылып жатыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жеңіл өнеркәсіппен айналысушыларға жағымды жаңалықпен бөлісті. Елімізде жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекет бизнеске қолдау көрсетуді арттыруда: 2024 жылдың мамыр айынан бастап кәсіпкерлер жабдықты сатып алуға кеткен шығындардың 40%-ға дейінін өтей алады, ол жылына 60 млн теңгеге дейін қаражатты құрайды.
Одан бөлек, сала жылына 3 пайызбен жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізіп, 9 арнайы экономикалық аймақтағы басым бағыттардың тізіміне енді. Отандық тауар өндірушілерді қорғау үшін 1100-ден астам тауар түрлерін мемлекеттік сатып алудағы ұлттық режимнен екі жылға босату қарастырылған.
Мемлекет жергілікті өндіріске үміт артып, «Қазақстанда жасалған» өнімдерді тігіп, тоқып, өнім шығаратындарға көмектесуге дайын.