Түлкібас ауданында 48 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, қоныс той иелерінің қуаныштарымен бөлісті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты баспанамен, жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларының нәтижесінде қаншама отбасы баспаналы болып, жұмысқа орналасуда. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданында тұрғын үй кезегінде 3250-ден астам азамат болса, соның ішінде бүгін 48 азамат жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар мен жас отбасылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы 7 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырған алтынқұрсақты ана Сұлушаш Нұрымбетова бар.
– Үй кезегіне 2018 жылы көпбалалы ана ретінде тұрған болатынмын. Бүгін, міне, мемлекетіміздің қолдауымен және бала-шағамның несібесіне орай үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмын. Барша бүгінгі қоныс тойын тойлағалы отырған көршілерімді жаңа үйлерімен құттықтаймын. Және де үйге қол жеткізе алмай жүрген жандарға жұғысты болсын дегім келеді, – деді баспанаға қол жеткізген көпбалалы ана.
Айта кетейік, биылғы наурыз айында баспана кезегінде тұрған 56 тұрғынға аудан орталығына қарасты «Нұршуақ» шағынауданынан пәтер кілттері табысталған болатын. Осылайша, жыл басынан бері 104 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр.