Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы ұстанған басты міндеттердің бірі – қала тұрғындарының мобильді байланыс сапасын жақсарту, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Осыған орай аталған басқарманың басшысы Мұхит Кемелов қала аумағында «Kcell», «Кар-Тел» (Beeline), «Мобайл Телеком-Сервис» мобильді байланыс операторларымен бірге байланыс қызметінің сапасына тексеру жұмыстары жүргізді. Бұл туралы басқарма басшысы өзінің Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Исфиджаб тұрғын алабы бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде «Kcell» және «Кар-Тел» (Beeline) байланыс операторларының желілері тұрақты жұмыс істейтіні анықталды. Ал «Мобайл Телеком-Сервис» желісінде ақаулар тіркелген.
Аталған кемшіліктерді жою мақсатында компания 2025 жылы тамыз айында «Kcell» компаниясының базалық станцияларын «шеринг» әдісімен пайдалану арқылы байланыс сапасын жақсартуды жоспарлап отыр.
Ал, Жалын тұрғын алабында «Кар-Тел» және «Мобайл Телеком-Сервис» байланыс операторларының желілері тұрақты жұмыс істеуде. Алайда, «Kcell» байланыс желісінде ақаулар анықталған. Қазіргі уақытта аталған оператор тарапынан жаңа базалық станция орнату арқылы байланысты жақсартуды көзделуде.
Бірлескен топ Достық шағын ауданының жаңа құрылыс аумағында да байланыс қызметінің сапасына тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру нәтижесінде «Kcell» байланыс операторының желісі тұрақты жұмыс істейтіні белгілі болды.
Ал, «Кар-Тел» (Beeline), «Мобайл Телеком-Сервис» байланыс желілерінде ақаулар тіркеліп, қазіргі уақытта операторлар тарапынан тиісті түзету шаралары қолға алынды.
Айта кетейік, республика бойынша 20 қалада 1144 дана 5G базалық станса орнатылған. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында 5G-ді дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі. Осы орайда тұрғындарды жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз ету, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық жолдар бойын сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің назарынан түскен емес.
Айта кетейік, Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жеткізілуі тиіс. Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр.