ЖЫЛЫЖАЙДЫ ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРДЫ

Қазіргі таңда ауылда бизнес ашуға мүмкіндік мол. Өз кәсібін ашқысы немесе ары қарай дамытқысы келген ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық жеңілдікпен жеті жыл мерзімге шағын несие алуға мүмкіндік бар. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Дархан Ташабаев осы мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп бастаған жандардың бірі.

Ол 2023 жылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен  6 миллион теңге несие алып, жылыжай кәсібін бастаған. Бүгінде ол бастаған ісін кеңейтіп, өнім көлемін арттыруда. Кәсіптің негізгі бағыты —қияр өсіру.

Жылыжай шаруашылығы бүгінде Ташабаевтардың отбасылық кәсібіне айналған. Олар көкөністерді Кентау мен Түркістан қалаларына сатылымға жібереді. Сұраныстың көптігі соншалық, кейде өнім тек Кентау қаласы мен ауыл тұрғындарының қажеттілігінен аспай қалады.
Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім жиналады. Жалпы алғанда, бір жылда 10 тоннаға дейін қияр алады. Бастапқыда 11 соттық жерге қияр еккен шаруа бүгінде кәсібін кеңейтіп, қосымша 5 соттық жерге қызанақ жылыжайын салуды қолға алды.

Өз еңбегімен ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкердің табанды еңбегі өзгелерге де үлгі боларлық.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі, бағаны тұрақтандыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу, – дейді Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы іске қосылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген адамдар үшін өз бизнесін бастауға, оны дамытуға, өз өңірінің дамуына үлес қосуға мүмкіндіктер ашуда. «Ауыл аманаты» – «Қуатты өңірлер-ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына кіретін бірегей жоба.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы кәсіпкерлікті дамыту үшін, әсіресе мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы салаларында жеңілдікті кредиттер беру арқылы ауылдық жерлер мен шағын қалалардың тұрғындарын қолдауға бағытталған. Несиелер жылдық 2,5%-бен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін-8 мың АЕК-ке дейін құрайды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар