ҚАЛАНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, қала прокуроры Қаукен Бахытбайұлы, полиция басқармасының басшысы Жасұлан Қаржаубайұлы және өзге де дербес бөлім басшылары қатысты.

Мәжіліс барысында қаланың инфрақұрылымдық дамуы, қоғамдық-саяси тұрақтылық, этносаралық ахуал, мәдениет және спорт саласындағы көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.

Қала басшысы алдымен бірқатар тұйық көшелердегі жарықтандыруды қажет ететін орындар мен қараусыз қалған ғимараттардың жай-күйі бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Бұл мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмыс тобын құру және тиісті құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жүргізу тапсырылды. Бұл шаралар қаланың сыртқы келбетін жақсартып, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Биыл Түркістан қаласында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен 186 мәдени шара өткізіліп, оған жалпы 80 795 адам қатысқан. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі кітап қоры 355 594 данаға жетіп, 22 591 оқырманға қызмет көрсеткен. Жылдық келушілер саны 189 904-ке жуықтаған.

Спорт саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Биыл 159 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 34 851 адам қамтылған. Қаланың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу көрсеткіші де едәуір артқан. Бұл көрсеткіштер қала тұрғындарының белсенді өмір салтын ұстануына және спортқа деген қызығушылығының жоғары екендігін көрсетеді.

Жиын соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына нақты нәтижеге жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Ол мәдени іс-шаралардың мазмұнын байытып, ұлттық құндылықтар мен тарихқа негізделген бағыттарды көбейтуді тапсырды. Спорттық жарыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция және Төтенше жағдайлар басқармасымен тығыз ынтымақтастық орнату қажеттігін айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан туындайтын мәселелердің алдын алу мақсатында уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Жыл соңына дейін жоспарланған мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру міндеттелді. Бұл тапсырмалар Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және қаланың мәдени әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар