Созақ ауданы әкімдігінде қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік ахуалды бақылау мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті Жиынды аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталып, қоғамдық келісім мен әлеуметтік әлеуетті нығайтудың өзектілігін атап өтті.
Бұл маңызды жиын аудан прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырылды. Басқосуға аудан прокурорының орынбасары Асылбек Сламбекұлы, прокуратура қызметкерлері, аудан аумағында орналасқан өндіріс орындарының басшылары мен өкілдері, тиісті бөлім және мекеме жетекшілері, сондай-ақ ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты. Мұндай кең ауқымды қатысушылардың жиналуы, талқыланған мәселелердің аудан өміріндегі маңыздылығын көрсетеді.
Кездесуде аудан аумағындағы уран өндірісі кәсіпорындарындағы әлеуметтік және еңбек қатынастарына байланысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстар айтылды.
Жиын барысында қатысушылар өндіріс саласында құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін қызметкерлермен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, жұмыс берушілер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара байланысын нығайту, бірлескен жұмысты күшейту арқылы тиімді шешімдер қабылдауға болатындығы жөнінде пікір алмасты.
Бұл жиын Созақ ауданындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік ахуалды жақсарту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Талқыланған мәселелер мен ұсыныстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
