ҚЫТАЙҒА САПАР – ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІКТІҢ СЕРПІНІ

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасының Таншань қаласына және Шандон провинциясына қарасты Шугуан ауданына барып қайтты.  

Сапардың негізгі мақсаты – екіжақты экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және жаңа серіктестік бағыттарды айқындау болды.

Іссапар барысында делегация «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясының қызметімен танысты. Аталған кәсіпорын мал сүйектерін өңдеу арқылы май және желатин компоненттерін өндіріп, түрлі өнім шығарады.

Келесі кезекте делегация «Chenlong» компаниясына барып, жасанды интеллект негізінде басқарылатын дрондар өндірісімен және авто-мектептің жұмыс жүйесімен танысты.

Бұдан бөлек, «Tangan» компаниясының машина жасау өндірісін аралап, төтенше жағдайларға арналған жабдықтар шығару орталығының қызметімен танысты. Аталған орталық жыл сайын 60 мыңнан астам түрлі жабдықтар өндіреді.

Сонымен қатар, делегация Таншань қаласындағы қалдықтарды өртеп, электр қуатын өндіретін компанияның жұмысын көріп, энергияның баламалы көздерін тиімді пайдалану тәжірибесін зерделеді.

Айта кетерлігі «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясы мен Ордабасы ауданы әкімдігі арасында бұған дейін өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Келісім аясында әкімдік тарапынан жер телімі бөлініп, тиісті инженерлік-инфрақұрылым желілерін тарту және жобаны сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылысы басталып, жобаның іске асырылуы кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Ал, Шугуан ауданы көкөніс өнімдерін өндіру мен экспорттау саласында Қытайдағы жетекші аймақтардың бірі саналады. Өнімдері халықаралық нарықта экологиялық таза және сапалы ауыл шаруашылығы өнімі ретінде кеңінен танылған.

Іссапар барысында делегация «Shandong Shuguang» автоматтандырылған жылыжай кешенінде болды. Жалпы аумағы 880 гектарды құрайтын нысанда 34 түрлі ауыл шаруашылығы өнімі өсіріледі және сапалы тұқымдар шетелге экспортталады.

Делегация Чиңжоу пленка зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын жылыжай құрылысына арналған жоғары тығыздықтағы пленка өнімдерін шығарады, жылдық қуаттылығы — 40 мың тонна.

Сонымен қатар, делегация Шугуандағы гүл және көкөніс өсіретін жылыжайлардың жұмысымен танысты.

Бұл іссапар аудандағы ауыл шаруашылығы саласына шетелдік тәжірибені енгізу мақсатында, агроөндірісі жоғары деңгейде дамыған Шугуан өңіріндегі заманауи технологияларды және жылыжай шаруашылығын зерделеуге бағытталды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар