Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әрбір өңірінің дамуына, әсіресе шалғайдағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған саясаты айқын көрініс табуда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Созақ ауданының Қарақұр ауылында жүзеге асырылып жатқан көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп күтілуде.
Биыл Қарақұр ауылында ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ауылдың көшелері толықтай асфальтпен қамтылып, жарықтандырылып, жол қауіпсіздігі күшейтілді. Бұл игілікті шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, заманауи талаптарға сай елді мекенге айналдыруға бағытталған.
Бұған дейін Қарақұр ауылының 20,3 шақырым негізгі ішкі автомобиль жолдарының тек бір бөлігі ғана асфальтпен жабылған болатын. Алайда, биылғы жылы атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде 6,3 шақырым жолға жаңа асфальт төселіп, бүгінде ауылдың барлық негізгі көшелері толықтай асфальтпен қамтылды. Бұл өз кезегінде ауыл ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп, жолдардың тозуын азайтып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлылық тудырды.
Жолдардың сапасымен қатар, ауылдағы жол қауіпсіздігін арттыруға да ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда ауылдың негізгі көшелерінде заманауи жол белгілері мен жол кедергілері орнатылып, көлік қозғалысының реттелуі мен қауіпсіздігі барынша күшейтілді. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, ауылдың түнгі жарықтандыру жүйесі де толықтай жаңартылып, ауыл көшелері 100 пайыз жарықпен қамтылды. Жаңа жарық бағаналарының орнатылуы ауылдың түнгі көрінісін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың кешкі уақытта қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылдың орталық көшелеріндегі жарық бағаналарының безендіріліп, көріктендіру жұмыстарының жүргізілуі ауылдың көркем келбетін арттыра түсті.
Қарақұр ауылындағы жаңғырту жұмыстары тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Қазіргі таңда ауылдың Наурыз көшесінде балалар ойын және шағын футбол алаңшаларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл нысандардың пайдалануға берілуі ауыл жастары мен балаларының бос уақыттарын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Сонымен қатар, Шаға елді мекенінің орталығында да балалар ойын алаңшасы салынуда, бұл да аталған елді мекендердегі балалардың дамуына және белсенділігіне оң әсерін тигізеді.
Бұл кешенді жұмыстар Қарақұр ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ауылдың заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, жайлылық пен қауіпсіздіктің арттырылуы, сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған спорттық-ойын нысандарының салынуы – мұның бәрі ауылдың болашағына деген сенімді нығайтады.
Бұл жобалардың табысты жүзеге асуы ауыл тұрғындарының ризашылығын тудырып, олардың елді мекенге деген сүйіспеншілігін арттырады деп сенеміз. Келешекте де мұндай игі бастамалардың жалғасын тауып, ауылдың одан әрі көркейіп, дамуына жол ашатыны сөзсіз.
