«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында заң мен тәртіптің қоғамның негізгі тірегі екендігі айқын атап өттіі. «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деген Президенттің сөздері жастардың құқықтық санасын қалыптастырудың маңыздылығын көрсетеді.

Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында Түркістан қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Заң мен тәртіп» тақырыбы аясында жастар арасында маңызды іс-шара ұйымдастырды. Бұл кездесу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды.

Кездесу барысында қатысушылар заң талаптарын орындаудың маңыздылығы, азаматтық жауапкершілік және құқықтық сауаттылықты арттыру жолдары бойынша белсенді пікір алмасты. Бұл талқылаулар жастардың өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуіне, заң алдындағы жауапкершілігін түсінуіне ықпал етті.

Сонымен қатар, іс-шарада тәртіпті сақтаудың маңыздылығымен қатар, қазіргі замандағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Лудоманияның (құмар ойынға тәуелділік) салдары, алаяқтықтан қорғану және алданбау тәсілдері туралы берілген ақпарат жастарды түрлі қауіп-қатерлерден сақтандыруға бағытталды. Интернет пен әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік ережелері, күмәнді ұсыныстардан аулақ болу, қаржылық және жеке деректерді қорғаудың маңызы жастарға егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл бағыттағы ақпараттандыру жұмыстары, жастардың цифрлық кеңістікте қауіпсіз әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, бұл іс-шара жастардың құқықтық ой-өрісін кеңейтіп, оларды жауапкершілікке баулу және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Президент Жолдауында айтылған «Әділетті Қазақстан» құру идеясын жүзеге асыруда, жастардың құқықтық сауаттылығы мен қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігі зор рөл атқарады. «Жастар ресурстық орталығы» сияқты ұйымдардың бұл бағыттағы жұмыстары, болашақ ұрпақтың құқықтық негіздері мықты, саналы азамат болып қалыптасуына үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар