26/11/2024

ЖАРЫҚТЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ДАМУЫНА ӘСЕР ЕТУДЕ

1 сәуірден бастап тарифі реттелмейтін электрмен жабдықтаушы компанияларға берілген лицензиялары тоқтатылды. Бұл жарықтың бағасы қымбаттауына әкеліп соқты.  Бұл кәсіпкерлердің қалтасына салмақ түсіріп,  бизнестің дамуына кері әсер етіп отыр. «Жұлдыз» индустриалды аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар  электр қуатына 23-25 теңге аралығында төлеп келген.  Қазір жарықтың бағасы  қымбаттап, қосымша құн салығын қосқанда тариф 47 теңге 29 тиынға жетті. Кәсіпкерлер осыған байланысты жан-жаққа шағымдануға мәжбүр болып отыр. 

Осы мәселеге орай Шымкент қалалық қоғамдық кеңесі жанынан құрылған Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық салаларының дамуы жөніндегі тұрақты комиссиякөшпелі отырыс өткізіп, кәсіпкерлердің электр энергиясының қымбаттауы бойынша арыздарын талқылады.

– Бізге осы мүмкіндікті беріп, бұрынғы тарифті қалдырса дұрыс болар еді. Бұл жерде кәсіпорындар үшін үлкен проблема туындап отыр. Осыны шешіп берсеңіздер. Отандық өнімді дамытамыз, қолдаймыз десеңіздер жағдай жасалуы керек. Ал, бұл жерде қазір баға 3 есе өскен. Кәсіпорындар банкрот болады, – дейді «Бал Текстиль» ЖШС директорының орынбасары Дәулет Қанашаев.

Дегенмен «Энергопоток» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетіне Шымкент қаласының заңды тұлғалары үшін электр энергиясына тарифті 42,23 теңгеден 37,00 теңге/кВтсағ-қа дейін, яғни 12,4%-ға төмендету туралы өтініш жолдауының арқасында 1 мамырдан бастап  төмендетілген тариф белгіленген.

Тарифтің төмендеуіне тұтынушылардың, қаланың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының  «Энергопоток» ЖШС-ға ауысуы себеп болды. Алайда, бизнес өкілдері сәуір айындағы түбіртекті жоғары тарифпен төлеуі тиіс.  «Энергопоток» ЖШС-нің өкілі бұл бағаны өзгерте алмайтындықтарын айтып, алдағы уақытта электрмен жабдықтау қызметтерін үздіксіз алу үшін Шымкент қаласының заңды тұлғаларына «Энергопоток» ЖШС-мен тиісті шарт жасасуды ұсынды.

Ал,  кәсіпкерлер әлі де болса тариф мәселесін қайта қарау керектігін айтады. Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиналған мекеме өкілдеріне, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне осы ұсыныстарын жоғарыға жеткізуді, мәселені әркім өз жағына тартпай, барлығына оңтайлы жолмен шешуді сұранды.

 

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар