ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан қаласының бүгінгі келбеті – белсенді құрылыс пен жаңарудың айқын көрінісі. Ежелгі тарихымен мақтана алатын қала, қазіргі таңда заманауи дамудың озық үлгісіне айналуда. Құрылыс алаңдарындағы қарқынды жұмыс, жаңа жобалардың жүзеге асуы және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы – осының дәлелі.

Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар құрылысының сапасы облысының әкімдігінің назарында. Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың тікелей бақылауымен құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімі қатаң қадағалануда.

Аппарат басшысы алдымен Түркістандағы мемлекеттік мекемеге арналған әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңын аралап, жұмыс сапасын тексерді. Мердігермен кездесіп, бірқатар тапсырма жүктеді. Нысан құрлысын «Ернур строй и К» ЖШС 2023 жылдың қазан айында бастаған. Құрылыс жұмыстары кестеге сай, қызу жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылым толық тартылған. Қазіргі таңда есік орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 70-тен астам жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған. Ғимаратты жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 1,56 гектар аумақта 60 төсек-орындық балалар оңалту орталығы салынуда. Жоба «Turkistan international airport» ЖШС демеушілігімен іске асып жатыр. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, барлық медициналық қондырғылар орнатылды. Заман талабына сай бой көтерген орталықта балалардың ем алуына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Нысан іске қосуға дайын. Ғимарат жақын арада ел игілігіне берілмек. Мұнда 80 жаңа жұмыс орны ашылады.

Одан бөлек, Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығында салынып жатқан атшабардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Спорт нысаны халықаралық талапқа сай бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Мердігер мекеме – «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС. Жалпы аумағы – 99,3 гектар. Заманауи көпфункционалды кешенде 1500 жанкүйер сиятын трибуна, жылқыларға арналған жазғы және қысқы қоралар мен манеж қарастырылған. Атшабарда жылқыларды күтіп-ұстайтын орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге алаңы мен көкпар ойнайтын алаң бар. Жалпы ат спортын дамытуға барлық жағдай жасалады. Қазіргі уақытта атшабардың астыңғы дренажды қабаты толықтай төселіп, үстіңгі қабатына құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құрал-жабдықтары орнатылуда. Құрылыс жұмыстарына 30-ға жуық адам жұмылдырылып, 19 техника тартылған. Нысан жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

Құрылыс нысандарын аралаған аппарат басшысы жауапты мердігер мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Құрылыс сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауда болатынын атап өтіп, жұмысты уақтылы әрі талапқа сай аяқтауды тапсырды. Нысандардың сапасына қатысты бірқатар олқылықтарды анықтап, кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар