Еліміздің әрбір өңірінде мемлекеттік қолдаудың арқасында өз ісін дөңгелетіп, табысқа жетіп жатқан жас кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Бұл – жастардың кәсіпкерлікке деген ұмтылысының жоғары екендігін, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан тиімді көмектің маңыздылығын айғақтайды. Солардың бірі – біздің Ордабасы ауданындағы Батыр ата ауылының тұрғыны Айнұр Тұрғанбаева.

Айнұр мемлекеттік қайтарымсыз грантты пайдаланып, сублимациялық баспа ісі бойынша отбасылық кәсіптің негізін қалады. Бұл – бүгінгі таңда өзекті әрі сұранысқа ие бағыттардың бірі. Сублимациялық баспа арқылы кез келген бұйымға (кружка, футболка, пазл, кілемше, телефон қабы) жоғары сападағы суреттер мен жазуларды басуға болады. Бұл қызметтің ерекшелігі – кез келген идеяны, тіпті жеке фотосуреттерді де кәдесыйға айналдыру мүмкіндігі.
Қазіргі таңда Айнұр аудан орталығында өз дүкенін ашып, тұрғындарға түрлі бұйымдарға сурет пен жазу басу қызметін ұсынып келеді. Оның кәсібі тек жеке тапсырыстармен шектелмей, мекемелер мен ұйымдарға арналған арнайы бұйымдарды дайындауды қамтиды.
Айнұрдың бұл жетістігі – кездейсоқ емес. Оның табысы – табандылықтың, еңбексүйгіштіктің және мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалана білудің нәтижесі. Жастарға арналған қайтарымсыз гранттар – бұл тек қаржылай көмек қана емес, сонымен қатар жас кәсіпкерлердің өз идеяларын жүзеге асыруға, өз күштерін сынап көруге және болашаққа деген сенімдерін нығайтуға берілген мүмкіндік.
Айнұр Тұрғанбаеваның мысалы, басқа да жас азаматтар мен азаматшаларға үлгі боларлықтай. Ол мемлекеттік қолдауды дұрыс бағытқа бұрып, өз бизнесін сәтті дамытып, ауданның экономикалық өркендеуіне үлес қосып отыр.
