Мемлекеттің ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған саясаты жемісті нәтижелер беріп, тұрғындардың өз кәсіптерін ашып, тұрмыстарын жақсартуына жол ашуда. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Бұл жоба аясында Ордабасы ауданының Шұбар ауыл округінде Серік Манапұлы есімді азамат шағын тігін цехын ашып, ауыл экономикасына өз үлесін қосуда.
Серік Манапұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, 2,5% мөлшерлемемен 4 400 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл қаржылық қолдау оның өз үйінде шағын тігін цехын ашуына мүмкіндік берді. Цех бүгінде ауыл тұрғындарының сұранысына сай өнімдерді шығарумен айналысады. Мұнда көрпе-жастық қаптамалары, құрақ, қыз жасауы сияқты ауылдық жерлерде қажетті бұйымдар тігіліп, дайындалады.
Бұл бастама тек Серік Манапұлының отбасының табысын арттырып қана қоймай, ауыл ішінде шағын кәсіпкерліктің дамуына да елеулі үлес қосуда. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, оларға қаржылық қолдау көрсету. Серік Манапұлының табысты тәжірибесі бұл бағдарламаның тиімділігін айқын көрсетеді. Ол алдағы уақытта цехты кеңейтіп, кәсіп ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Мұндай бастамалар ауыл тұрғындары үшін үлкен шабыт көзі болып, кәсіп ашуға деген сенімін арттыра түсетіні сөзсіз. Серік Манапұлының ісі – ауыл жастарына, әсіресе, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге нағыз үлгі. Оның табысты тәжірибесі ауылдастарын жаңа идеялармен шабыттандырып, өз кәсіптерін ашуға ынталандырады.
Серік Манапұлының шағын тігін цехы – Ордабасы ауданындағы кәсіпкерліктің дамуына қосылған тағы бір маңызды қадам. Ауыл тұрғындарының белсенділігі мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімділігі арқасында, ауыл экономикасы нығайып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі арта түсетіні айқын. «Ауыл аманаты» жобасы сияқты бағдарламалардың жалғасуы ауылдық жерлердің дамуына оң ықпал ететініне сенімдіміз.
