ҚАРНАҚ АУЫЛЫНДА КӨПТЕН КҮТКЕН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ САЛЫНУДА

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – ауылда заманауи үлгідегі мәдениет үйінің құрылысы бастау алды. Бұл ауыл тұрғындарының сегіз жылдан бері айтып келе жатқан арманының орындалуына жол ашты.

Екі қабатты ғимаратта 300 адамға арналған үлкен көрермен залы, 85 адамға арналған клуб кешені, әкімшілік-шаруашылық бөлімдері, хореография залы, үйірме кабинеттері және асхана қарастырылған. Бұл мәдениет үйі ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін 15 мыңнан аса тұрғыны бар Қарнақта мәдениет үйі болған, алайда ол тозығы жетіп, жарамсыз күйге түскен еді. Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы 2016 жылы жасалғанымен, қаржылық қолдау таппаған болатын. Қала әкімі Жандос Тасовтың ауыл тұрғындарымен кездесуінде бұл мәселе қайта көтеріліп, шешімін тапты.

Биыл жобаға 107 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап 2027 жылға дейін іске асырылып жатқан ауқымды жоба. Оның негізгі мақсаты – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту және оларды өңірлік стандарттар жүйесінің деңгейіне жеткізу.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, мәдениет үйі пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл Қарнақ ауылының мәдени өміріндегі жаңа бетбұрыс болары сөзсіз. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани азығын молайтып, өнердің түрлі бағыттары бойынша шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар