АЗАМАТТЫҚ СОТ ӨНДІРІСІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚОЛДАНУ

Шымкентте М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-да «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасы ұйымдастыруымен ҚР Азаматтық процестік кодексі қабылдануының 10 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының азаматтық сот өндірісіндегі жасанды интеллект: теория және тәжірибе проблемалары» тақырыбында онлайн және офлайн форматта халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинар ғалымдар мен тәжірибелік қызметкерлерді өзекті құқықтық мәселелерді талқылауға тарту, тәжірибе және идеялармен алмасу, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік құқығының қазіргі заманғы проблемаларын шешуге жаңа тәсілдерді іздеу, сондай-ақ, соттардың азаматтық процесте жасанды интеллектіні қолдану мақсатында ұйымдастырылды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинарға университеттің және Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан жоғары оқу орындарының ғалымдары, сонымен қатар тәжірибелік мамандар — судьялар, прокуратура қызметкерлері, адвокаттар, сот орындаушылар, заң консультанттары шақырылды.
Семинардың жұмысын заң факультетінің деканы, з.ғ.к., доцент М.Елікбай ашты.

«Жаңа технология сот саласына жаңа серпін берді. Осы жаңашылдықтардың арқасында соттың ашықтығы, жеделдігі, қолжетімділігі артты. Мұндай бастамалар кезінде істерді судьяларға автоматты түрде бөлуден басталған болатын. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсеткен соң, барлық деңгейдегі қазақстандық соттарда істерді бөлудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді, ол судьялардың жұмыс жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік берді» деп атап өтті заң факультетінің деканы.

Семинар барысында Астана қаласының судьясы Г.Рахметова  Қазақстан Республикасының азаматтық сот өндірісін жүргізуде жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөлісті.

«Бүгінгі таңда қазақстандықтар Face ID және Touch ID көмегімен үйден немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа жүгініп, құжаттарды электронды түрде бере алады.Сот құжаттарын дайындауда қағазбастылық жойылып, электронды көрсетілетін қызметтер аясы кеңейді. Бүгінгі онлайн соттар да сол жаңа технологияның жемісі. Елімізде 2022 жылы азаматтық істерді қарау үшін роботтық жүйе енгізілді. Робот алимент өндіру бойынша бірдей істерді топтастырып, олар бойынша қандай заңдарды қолдану туралы болжам-ұсыныс жасауымен құнды. Жасанды интеллекті ортақ жүйедегі істердің санатын анықтауға, ұқсас істерді іздеуге, барлық соттардағы жағдайды бақылауға, сот шешімдеріндегі сәйкессіздіктерді анықтауға және азаматтық істердің нәтижесін болжауға бағытталған» деп атап өтті судья.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар