Шымкентте борышкерлерді анықтаудың тетіктерін дамыту бойынша «Цифрлық бақылау» жүйесі іске қосылды. Бұл — Қазақстан Республикаының Әділет министрлігі, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы және Бас Прокуратура бірлескен жобасы.
Қазіргі таңда Бас прокуратураның «Цифрлық бақылау» жүйесі арқылы қарызын төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды тек қала көшелері мен қоғамдық орындарда ғана емес, сондай-ақ әуежайларда, теміржол және метро нысандарында, әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да анықтау мүмкіндігін іске қосты.
Сонымен қатар, борышкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде немесе әуе және теміржол билеттерін сатып алу барысында деректер базасы арқылы автоматты түрде бет-бейне сәйкестендіру арқылы анықталуда.
Мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар айынан іздеуде жүрген борышкерлер саны 4560 адамды құрады. Оның ішінде 2118 тұлғаның тұрғылықты мекенжайлары анықталып, жалпы анықтау көрсеткіші 39,3% болды.
Бұған қоса, аталған жүйе арқылы борышкерлерге тыйым салынған автокөліктерді іздестіру мүмкіндігін іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар Бас прокуратура, Әділет министрлігі және Жеке сот орындаушылардың Республикалық палатасының өзара ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда.
Сондай — ақ, Шымкентте пайдалануға тыйым салынған борышкерлердің автомобильдерін іздестіру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.
Қалалық бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект құралдарының көмегімен көлік құралдары автоматты түрде анықталады, содан кейін полиция қызметкерлері оларды жедел тоқтатып, айыппұл тұрақтарына қояды.
Осы шаралардың барлығы өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауға, сот шешімдерін орындаудың тиімділігін арттыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Заманауи цифрлық технологиялар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын біріктіретін кешенді тәсіл орындалмаған міндеттемелер санын едәуір қысқартуға және борышкерлердің қызметіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
