Мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды сақтау, отбасы тәрбиесін нығайту, ақпараттық толқынның әсері және жас буынға дұрыс бағдар беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуі – елдің рухани дамуы мен тұрақтылығының негізгі тіректері болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгін Бәйдібек ауданында «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, белгілі қоғам қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызының қатысуымен маңызды кездесу өтті.
Аталмыш экспедиция аясында ауданға келген Сәуле Мешітбайқызы ауданның білім, денсаулық сақтау саласының мамандарымен, сала басшыларымен, мекеме басшыларымен және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев жүргізіп, кездесудің мақсаты мен оның аудан өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстардың ауылдық жерлердегі өзектілігін айтып өтті.
Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, жастар тәрбиесі, ақпараттық саясаттың рөлі және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері жөнінде терең ой бөлісті. Ол өз сөзінде жастардың саналы азамат болып қалыптасуында отбасы мен қоғамның рөлі, ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдаланудың маңыздылығы туралы айтып, қатысушыларға рухани байлықты сақтаудың жолдарын ұсынды.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан мамандар мен зиялы қауым өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Сәуле Мешітбайқызы оларға толыққанды жауап беріп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша нақты пікір алмасылып, болашаққа бағытталған жоспарлар талқыланды.
Жиын соңында тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріліп, ұсынылған мәселелердің шешілуі бақылауға алынды. Бұл кездесу Бәйдібек ауданындағы қоғамдық-саяси және рухани өмірді жандандыруға, ұлттық құндылықтарды нығайтуға және жас ұрпақтың саналы тәрбиесіне ықпал ететін маңызды қадам болды.
