Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің цифрлық трансформацияға бейімділігін арттырудың маңыздылығына бірнеше рет тоқталды. Мемлекет басшысы атап өткендей, заманауи технологияларды енгізу – бұл тек мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің де басты тетігі. Осыған орай, еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан қаласында да «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобалар қолға алынып келеді.
2025 жылға Түркістан қаласында 200 бейнебақылау камерасын толық жаңартып, сонымен қатар қосымша 210 жаңа бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспар орындалды. Бұл шаралар қаланың бақылау жүйесін нығайтып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Жаңа технологиялар мен заманауи құрылғылардың енгізілуі қылмыстық әрекеттерді анықтау мен алдын алуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан қаласының аумағында 1182 бейнебақылау камерасы орнатылып, толықтай жұмыс істеп тұр. Бұл – қаланың қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайтудағы маңызды қадам. Ақпараттық қауіпсіздік бөлімшесінің деректеріне сәйкес, қауіпсіздік инфрақұрылымын жаңғырту мен жетілдіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Түркістан қаласында «Ақылды қала» тұжырымдамасын дамыту бойынша болашаққа жоспарлар да айқындалған. 2026 жылы тағы 275 бейнебақылау камерасын орнату көзделген. Жаңа құрылғылар адамдар көп жиналатын базарлар, саябақтар, ойын-сауық орталықтары секілді аумақтарда, мәдени орындарда, қаланың орталық көшелері, жаяу жүргіншілер өтетін жолдар секілді жаяу жүргіншілер қозғалысы жоғары аймақтарда және түнде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жарықтандыру деңгейі төмен учаскелерде орнатылады..
Бұл стратегиялық орналастыру қаланың барлық маңызды нүктелерін қамтуға және қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. «Ақылды қала» жобасының аясында бейнебақылау жүйесін дамыту – бұл тек технологиялық жаңғыру ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматтың қауіпсіздігіне деген мемлекеттің қамқорлығының көрінісі. Түркістан қаласының бұл бағыттағы жұмыстары, ел Президентінің цифрлық трансформацияға баса назар аударуымен үндесіп, болашақтағы қауіпсіз және жайлы өмір сүруге деген ұмтылысты айқын көрсетеді.
«Ақылды қала» тұжырымдамасының аясындағы бейнебақылау жүйесін дамыту, тек қылмыстық әрекеттерді анықтау мен алдын алуға ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысын реттеуге, көлік кептелістерін азайтуға және төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге де ықпал етеді. Мысалы, жол бойындағы камералар арқылы жол ережесін бұзушыларды анықтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оларға дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігі артады. Сондай-ақ, қоғамдық орындардағы бейнебақылау камералары арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары да жанданады.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыруға да септігін тигізеді. Қауіпсіз және жайлы қала – бұл әрбір турист үшін тартымды фактор. «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы цифрлық инфрақұрылымның дамуы, қаланың басқару жүйесін тиімдірек етеді, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырады және жалпы алғанда, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.
Президенттің цифрлық трансформацияға баса назар аударуы, Қазақстанның әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттармен тығыз байланысты. Түркістан қаласының «Ақылды қала» жолындағы қадамдары, осы жалпыұлттық міндеттің орындалуына қосылған елеулі үлес болып табылады. Бұл жобалардың сәтті жүзеге асырылуы, болашақта еліміздің басқа да қалаларына үлгі болып, цифрлық дәуірдегі қауіпсіз және жайлы өмір сүруге деген ұмтылысты нығайта түседі.
