Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжіліс қаланың дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға арналды. Жиында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпсіз пайдалану жағдайы, ақылды аялдамалар мен «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» Заңы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қаралды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі – қаланың кәсіпкерлік және туризм саласындағы жұмыстар болды. Түркістан қалалық «Бизнесті қолдау және туризм» бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов өз баяндамасында аталған салада 13 функция бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мұхтар Төлеповтің айтуынша, қолөнершілерді қолдау бағдарламасы іске қосылып, олардың шығындарының 25%-ына дейін субсидия беріледі. Бұл шаралар қолөнершілердің өндірістік қуаттылығын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, сауда объектілерін орналастыру қағидалары мен гид-экскурсоводтарды оқыту бағдарламалары да талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар туризм саласын дамытуға және қаланың туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Осыдан бірер ай бұрын Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығында орналасқан Қолөнершілер қалашығы ресми түрде ашылған болатын. Бұл қалашық қолөнершілерге өз өнімдерін сатуға, шеберліктерін көрсетуге және туристермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Түркістан қаласы халықаралық World Craft Council ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебе қаланың қолөнер саласындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде мойындау болып табылады.
Аппараттық мәжілісте қаралған басқа да мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, жұмыстардың одан әрі жалғасуына бағытталған шаралар айқындалды.
