ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАСЫ БОЙЫНША ЕСЕП АЛДЫ

Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі кезектен тыс отырысын өткізіп, қаланың цифрландыру саласындағы атқарылған жұмыстарына арналған маңызды талқылаулар жүргізді. Отырысқа қала әкімдігінің өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері және сала мамандары қатысты.

Кездесудің негізгі күн тәртібінде Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасының атқарған жұмыстары туралы басқарма басшысы М.Кемеловтің есебі тыңдалды. М.Кемелов өз баяндамасында басқарманың соңғы кезеңдегі негізгі жетістіктерін, атқарылған жобаларды және цифрландырудың қала өміріне әсерін жан-жақты баяндап берді.

Есеп барысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттарындағы жұмыстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қалалық әкімдіктің порталы арқылы ұсынылатын қызметтердің кеңеюі, электронды кезек жүйелерінің енгізілуі, сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы цифрлық шешімдердің қолданысқа енуі туралы мәліметтер ұсынылды.

Талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері цифрландырудың қазіргі жағдайына қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта шешілуі тиіс өзекті мәселелерді көтерді. Азаматтардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру, қауіпсіздік шараларын күшейту, сондай-ақ, жаңа технологияларды енгізудегі халықтың белсенділігін ынталандыру сияқты тақырыптар қызу талқыланды.

М.Кемелов өз есебінде алдағы жоспарлармен де бөлісті. Оның ішінде, «Ақылды қала» жобаларын кеңейту, деректерді талдау арқылы қаланы басқару жүйесін оңтайландыру, сондай-ақ, жастар арасында цифрлық инновацияларды дамытуға бағытталған шаралар қамтылды.

Отырыс қорытындысы бойынша, Шымкент қаласының қоғамдық кеңесі Цифрландыру басқармасының атқарған жұмыстарына оң баға берді. Кеңес мүшелері басқарманың қаланың дамуына қосқан үлесін атап өтіп, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды белсенді жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар, цифрландыру процесін одан әрі жетілдіру және халықтың сұранысына сай жаңашыл шешімдерді енгізу мақсатында бірқатар ұсыныстар айтылды. Бұл ұсыныстар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және Шымкенттің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған. Кезектен тыс отырыс цифрландыру саласындағы жетістіктерді саралап, болашаққа бағдар жасау тұрғысынан маңызды қадам болды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар