ЦИФРЛЫҚ ӘЛЕМДЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкентте  «Цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдері: ұлттық құндылықтар тұғырындағы тәлімді тәрбие» атты маңызды аймақтық форум өтті. Бұл алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен ұстаздар қатысып, цифрландыру үдерісінің қоғамдағы мән-маңызын терең талқылады.

Форумның ашылу салтанатында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұл жиынның заман талабынан туындаған өзекті мәселені талқылауға арналған маңызды алаң екенін атап өтті. Ол соңғы кездері кең етек жайған жасанды интеллекттің орасан зор пайдасымен қатар, елеулі зияны да бар екенін ескертіп, қоғамның оны пайдалануда аса сақ болуы керектігін баса айтты.

«Цифрлық ортада өсіп келе жатқан ұрпақтың ұлттық болмысын, рухани құндылықтарын, адамгершілік негіздерін сақтау – баршаға ортақ міндет» деп атап өткен Сәрсен Абайұлы тәрбие мен цифрландырудың үйлесімділігіне ерекше мән берді.

Форумның негізгі мақсаты – цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін жан-жақты талдау, жасанды интеллект пен тәлімді тәрбиенің үйлесімділігін қамтамасыз ету жолдарын жүйелеу, үздік тәжірибелерді тарату және құзырлы органдарға нақты ұсынымдар беру болды. Жиын барысында баяндамашылар жасанды интеллектінің ұтымды тұстарына тоқталып, оның қоғамға берер оң мүмкіндіктерін санамалады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев өз сөзінде жасанды интеллектінің климаттың өзгеруімен күресуге көмектесетінін, бұл өз кезегінде экономиканың түрлі салаларының алға жылжуына ықпал ететінін атап өтті. Бұл пікір цифрландырудың тек технологиялық жаңалығы емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық дамудың маңызды факторы екенін көрсетеді.

Форум аясында ұлттық құндылықтар мазмұнындағы ғылыми және оқу-танымдық әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды. Бұл шара жастардың рухани байлығын арттыруға, олардың ұлттық сана-сезімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Жиын жұмысы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, форумда айтылған ұсыныстар тиісті уәкілетті органдарға жолданады. Бұл  цифрлық қоғамның дамуындағы ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің рөлін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың жүзеге асуына жол ашады деп сенеміз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар