Отбасы – кез келген мемлекеттің тірегі, қоғамның алтын діңгегі. Ал осы шаңырақтың шайқалмауы мен ондағы тыныштықты сақтау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, ағымдағы жылдың маусым айының 15–20 аралығында Созақ ауданы аумағында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен болатын. Осы науқан аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында маңызды «дөңгелек үстел» мәжілісі ұйымдастырылды.
Аталған жиын аудандық полиция бөлімі мен «Отбасын қолдау орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты. Мемлекет пен қоғамның өзекті мәселесі талқыланған басқосуға сала мамандары түгел жұмылдырылды.
«Дөңгелек үстел» басында Созақ ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанерке Жұматова және Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор, полиция майоры Айжан Манапова қатысты. Сондай-ақ, «Отбасын қолдау орталығы» КММ бөлімше басшысы Біржан Саржанов, орталықтың психологі Құралай Ыдырысова мен әлеуметтік қызметкер Мақпал Маметханова бастаған білікті мамандар бас қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді тетіктері, құқық бұзушылықтарды ерте бастан анықтап, профилактика жүргізу мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен отбасы институтын нығайтудың өзекті тұстары талқыланды.

Тәртіп сақшылары мен әлеуметтік сала мамандары бірлесе әрекет еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын алға тартты. Орталық мамандары қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін психологиялық және әлеуметтік көмек түрлерін тілге тиек етті.
Мұндай жүйелі іс-шаралар қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің алдын алуға, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға және әрбір шаңырақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен ықпал етеді. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында басталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
