Қазақ мемлекеттілігінің іргесін бекітіп, ел бірлігін сақтауда өлшеусіз еңбек сіңірген ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері Абылай ханның туғанына 315 жыл толуына орай Қазығұрт ауданында ауқымды тарихи шара ұйымдастырылды. Қ.Өмірәлиев атындағы орталық кітапхананың ұйтқы болуымен өткен «Хандық дәуірдің асқақ тұлғасы» атты бұл кеш еліміздің рухани өміріндегі маңызды оқиғаға айналды.
Мазмұнды да тағылымды шара «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» орталығының оқырмандары мен өнерсүйер қауымның қатысуымен жалғасын тапты. Кештің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа хандық дәуірдің тарихын тереңірек таныстырып, Абылай ханның қазақ мемлекеттілігін сақтап қалудағы, сыртқы саясаттағы көркемдік пен дипломатиялық шеберлігін кеңінен насихаттау. Жиында баяндама жасағандар ұлы қолбасшының еліміздің геосаяси жағдайын тұрақтандырудағы, рулы елдің басын біріктіріп, іргелі мемлекет құрудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
Тарихи кеш барысында қатысушылар тек тыңдаушы ретінде ғана емес, белсенді пікір алмасушы ретінде де көрініп, қазақ тарихындағы Абылай ханның алатын орны туралы өз ойларымен бөлісті. Оқырмандар ханның әскери қолбасшылық таланттары, стратегиялық шешімдері мен халқының болашағы үшін жасаған батыл қадамдарын дәріптейтін тың тарихи деректермен танысты. Сонымен қатар, бұл кездесу ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын түгендеп, бабалар ерлігін ұлықтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Рухани шараның көрігін арттыра түскен маңызды бөлімнің бірі – арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі болды. Көрмеге қойылған Абылай ханның өмірі мен қызметіне, сондай-ақ қазақ хандығының тарихына арналған құнды әдебиеттер мен ғылыми еңбектерге жан-жақты шолу жасалды. Оқырмандар бұл кітаптар арқылы сол бір күрделі де алмағайып заманның тыныс-тіршілігімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тарихи-танымдық кештер ұлттық тарихымызды құрметтеп қана қоймай, жас ұрпақтың бойында елжандылық рухты қалыптастыруға, тарихи сананы жаңғыртуға және патриотизм сезімін оятуға үлкен үлес қосады. Басқосу соңында қатысушылар бабалар аманатына адал болу, бірлік пен татулықты ту етіп ұстау әрбір саналы азаматтың борышы екенін жеткізіп, рухани кештің жоғары деңгейде өткеніне ризашылықтарын білдірді.
