МАҚТААРАЛ: ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА 800-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен іс-шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен 800-ден астам тұрғын белсене қатысты, сондай-ақ жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін 14 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы жалпы ұзындығы 13 шақырым аумақ қоқыстан толығымен тазартылып, нәтижесінде 18 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды.

Тазалық жұмыстары кезінде қатысушылар жол жиектері мен қоғамдық орындарды арамшөптерден арылтып, қураған ағаш бұтақтарын кесіп, көгалдандыру мақсатында бұрын егілген көшеттерді суғарды. Сонымен қатар, ауылдық округ әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жол бойындағы аялдамалар әктеліп, ескірген бордюрлер ауыстырылып, айналасы абаттандырылды, бұл жұмыстар елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталды.

Жалпы аудан көлемінде өткен сенбілік тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоршаған ортаға жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындап, акцияға қатысушылар тазалықты сақтау – бір күндік жұмыс емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Айта кетерлігі, сенбілік барысында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылының тұрғындары ерекше белсенділік танытты: ауыл биі Тұрлыбек Сәрсеновтың бастамасымен ұйымдастырылған жұмыстарға ауыл тұрғындары жаппай атсалысып, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олар ауыл көшелері мен жол бойларын, арық-атыздарды арамшөптерден тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіру арқылы ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға үлес қосты.

Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады, себебі аталған шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің тазалығы мен көркін сақтау болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар