Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған дәстүрлі кездесулері өңірдің шалғай елді мекендерінде жалғасып жатыр. Кезекті жұмыс сапары Байырқұм және Жиделі ауылдарының тұрғындарымен мазмұнды жүздесуге ұласып, мұнда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен күн тәртібіндегі көкейкесті түйткілдер ашық талқыланды. Билік пен халық арасындағы бұл диалог аймақтағы өзекті мәселелердің шешімін табудағы тиімді тетікке айналып отыр.
Байырқұм ауылындағы кездесу барысында тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсартуға қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Әсіресе, электр желілеріндегі ескірген бағаналарды жаңарту, сондай-ақ елді мекенде жедел жәрдем және өрт сөндіру бекеттерін салу қажеттігі баса айтылды. Қала әкімі көтерілген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары арнайы бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ал қалған әлеуметтік нысандарды салу бастамалары заң талаптары мен қаржылық мүмкіндіктер ескеріле отырып, алдағы жоспарларға енгізілетінін жеткізді. Сонымен қатар, биылғы жылы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш ретінде саланып жатқан жаңа спорт залы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын екені айтылды. Бұл нысан жақын күндері толық бітіп, ауыл жастарының игілігіне берілмек.
Осыдан кейін жұмыс сапарын Жиделі ауылында жалғастырған Қайсар Маңқараев жергілікті тұрғындармен ауылды дамытудың нақты тетіктерін ортаға салды. Бұл ауылдағы басты қуаныштардың бірі – бұған дейін тұрғындар тарапынан талай рет көтерілген суармалы жерлерге ағын су жеткізетін каналдарды бетондау мәселесінің биыл өз шешімін тауып отырғаны. Облыстық қолдаудың арқасында қазіргі таңда ауылды сумен толық қамтамасыз ететін үш каналды бетондау және олардың негізгі тармақтарына арнайы лотоктар орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға риза болған тұрғындар мемлекет қолдауына алғыстарын білдірді.
Жиын барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, негізгі жол бойындағы жолақтарды жаңарту және қауіпті учаскелерге жасанды жол кедергілерін орнату қажеттігі сөз болды. Қала әкімі бұл бағытта тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәселені жан-жақты зерделеп, қажетті жұмыстарды жедел түрде ұйымдастыруды міндеттеді. Мұндай есепті кездесулер өңірдегі түйткілді мәселелердің шешімін жеделдетіп қана қоймай, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы өзара сенімді нығайта түседі.
