ТҮРКІСТАНДА КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістанда «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Кітаппен кемелденген ұлт» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру мәселелері талқыланды.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин кітаптың адам дүниетанымын кеңейтіп, рухани дамуына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, оқырман талғамын қалыптастыру және кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырудың маңызына назар аударды.

Дөңгелек үстелге қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана басшылары мен студенттер қатысты. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым жүргізді.

Пікір алмасу барысында қатысушылар қала мен ауыл жастарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қоғамды ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіру және зерделі ұрпақ тәрбиелеу жөнінде ой бөлісті.

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова жобаның ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру жастардың терең ойлауына, саналы шешім қабылдауына және дүниетанымының кеңеюіне жол ашады.

Кездесу қорытындысында кітапқа деген құрметті арттыру мен тұрақты оқырман қалыптастыру – тек кітапханалардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар