Түркістан облысында бүгінде халық зиярат етуге көп келетін қасиетті орындардың бірі – Қазығұрт ауданындағы Ақбура әулие кесенесі. Бабамыздың қасиеттілігі сол – ел басына күн туған жағдайда ақ бура болып боздап, халыққа қиыншылықты алдын-алып ескертетін болған.
Аңыз деректері бойынша, Ақбура түркі жұртының пірі Қожа Ахмет Яссауидің замандасы әрі шәкірті болған тұлға. Оның ақ бураға мініп, зікір салып жүретіндіктен «Ақбура әулие» атанғаны айтылады. Көне көз қариялардың әңгімелеуінше, Түркістандағы Әзірет Сұлтанның тұсында өмір сүрген бұл шайқтың мінген көлігі желмаядай есіп, ұшқан құс пен жүйрік түйенің өзі ілесе алмайтын жылдамдыққа ие болған. У-гулеп зікір салған сәтте әулиенің аузы үнемі көпіріп, өзі аппақ киім киіп, бураға ұқсап «ауф, ауф» деп күркіреп, екі езуінен шыққан ақ көбік иықтары мен жауырындарына қарай ағатын болған. Осылайша лезде Йассыға жеткенде, Қожа Ахметтің өзі алдынан шығып: «Бурам, келдің бе?» – деп ілтипатпен қарсы алады екен.
Тарихи деректер мен ауыз әдебиетінде Ақбура әулиенің шын аты Ақберді екені айтылады. Сол заманда бұлақ басында құлшылық жасайтын үрдіс болған. Ақберді таңғы памдат намазының екі бас сүннетін оқып болған соң, кенеттен орнында жоқ болып шығатын көрінеді. Ол шайқы парызға тәкбір айтпай тұрып Иасыға жетіп, сол жерде памдаттың қалған екі бас парызын өтеп, Құран оқып, бата қылған бойда қайтадан көзге көрінбей кететін болған. Сөйтіп лезде бұлақ басына қайта оралып, салауат айтатын қасиеті болған деседі. Сонымен қатар көне шағатай тілінде жазылған қолжазбалардың бірінде Ақбура Ата памдат намазының екі бас сүннетін Қазығұрт әулиеде, ал екі бас парызын қасиетті Қағбада оқығаны жайында деректер баяндалады.
Сәулеттік жобасы бойынша бір күмбезді және төртбұрышты пішінде тұрғызылған нысанның қабырғалары күйген кірпіштен қаланып, түрлі әсем оюлармен өрнектелген. Құрылыстың жалпы ұзындығы 9,8 метрді, ені 9 метрді құраса, биіктігі 6 метрге жетсе, аспан түстес сырмен боялған айшықты күмбездің биіктігі 3 метрді құрайды. Жанында түрлі дертке шипа болатын бұлағы бар.
Бүгінгі таңда бұл қасиетті орын тек діни зиярат етіліп қана қоймай, өңірлік туризмді дамытудың маңызды нүктесіне айналып отыр. Табиғаты көркем, тарихы терең Қазығұрт өңіріне келетін саяхатшылар мен туристер аталмыш кесене мен шипалы бұлақ басына арнайы соғып, өлке өткенімен танысады. Киелі мекеннің инфрақұрылымын жақсарту және тарихи-танымдық туризм әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар өңірге келушілер санын жыл сайын көбейтіп, ішкі туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

