Шымкентте волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған баспасөз конференциясы өтті. Оған Ұлттық волонтерлік желінің жетекшісі Айбек Досымбетов, Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Бекболат Қалыбеков және «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Жансерік Жұман қатысты.
Жиында Шымкенттегі волонтерлік қозғалыстың дамуы мен атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Жыл басынан бері «Birgemiz» жобасы аясында экологиялық, әлеуметтік, білім беру, мәдени және төтенше жағдайлардың алдын алу бағыттарында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Қалада 7 000-ға жуық белсенді волонтер тіркелген. 2025 жылы «Волонтер көшбасшыларына арналған жазғы мектеп» ұйымдастырылып, 100 ерікті қамтылды. «Жас волонтер» жобасы аясында 5 үздік жобаға 1 миллион теңгеден грант бөлінді.
Экологиялық бағытта «Таза Қазақстан» және «Таза Шым» акциялары аясында сенбіліктер мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған жас қамтылды. Әлеуметтік бағытта қарттар мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіліп, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, волонтерлік қозғалыс арқылы 14 000-ға жуық жас қамтылған.
Елімізде волонтерлік қозғалыс соңғы 6 жылда қарқынды дамып, волонтерлік ұйымдар саны 4 есеге артып, 810-ға жеткен. Белсенді волонтерлер саны 300 000 адамға дейін көбейген. Ұлттық волонтерлік желі жыл сайын 60 000-нан астам еріктіні қамтып отыр.
Брифинг барысында волонтерлікті одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, өңірлік бастамаларды қолдау және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Алдағы уақытта да волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған жобалар жалғасып, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға ерекше назар аударылады.
