КЕНТАУДА «ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫНЫҢ» ҚАТЫСУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жас мамандардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, кәсіби дағдыларын дамытуына мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» жобасы — еңбек нарығындағы маңызды тетіктердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында Кентау қалалық Мансап орталығында маңызды басқосу ұйымдастырылды. Жиынға аталған жоба аясында қала аумағындағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген белсенді жастар қатысты.

Кездесу барысында қазіргі таңда жоба игілігін көріп отырған қатысушыларға жұмыссыз жүрген басқа да замандастарын аталған бағдарламаға тарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы айтылды. Кентау қалалық мансап орталығы филиалы басшысының міндетін атқарушы Жақсылық Қайдаулов жастарды қоғамдық белсенділік танытуға шақырды. Ол өз сөзінде егер тұрғындардың арасында, соның ішінде жұмыссыз жүрген курстастары, достары, таныстары немесе ағайын-туыстарының балалары болса, оларды «Жастар практикасы» жобасына қатысуға ынталандыруға және бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетуге үндеді.

Басқосу соңында қатысушылар жоба аясында туындайтын өзекті мәселелерді талқылап, өздерінің еңбек жолындағы алғашқы тәжірибелерімен бөлісті. Орталық мамандары жас мамандардың қоғаммен тікелей байланыс орнату арқылы құрдастарын еңбекке тарту бастамасы аймақтағы жастар саясаты мен жұмыспен қамту көрсеткіштеріне оң ықпал ететінін атап өтті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар