Шымкентте Ұлағат шағынауданындағы 2 200-ден астам абонент орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Бұған дейін анықталған құрылыс кемшіліктері жойылып, кәріз-сорғы станциясы іске қосылды.
Шымкент қаласының Ұлағат шағынауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде 2 200-ден астам абонентке кәріз желісіне қосылуға мүмкіндік жасалды.
Кәріз желілерінің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал 2022–2023 жылдары құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаражат бөлініп, нысанның құрылысын «АлемСтрой-1» ЖШС жүргізген. Нысанды қабылдау актісі 2024 жылдың соңында рәсімделген.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 40,9 шақырым кәріз желісін тарту жоспарланып, құрылыс жұмыстары толық орындалды деп көрсетілген. Алайда кейін мердігердің жұмыстарына қатысты бірқатар кемшілік анықталған.
Атап айтқанда, төрт көшеде шамамен 700 метр кәріз құбыры тартылмаған. Сонымен қатар кәріз-сорғы станциясы жұмыс істемей, құдықтар бітелген және жол жабыны қалпына келтірілмеген.
Осыған байланысты тексеру жүргізіліп, міндеттемелерін тиісінше орындамаған мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданды.
Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ұйымдастыруымен демеушілік қаражат есебінен жетіспейтін құбырлар тартылды. Кәріз-сорғы станциясы іске қосылып, құдықтар тазартылды және олардың түбі бетонмен бекітілді.
Қазіргі таңда кәріз жүйесі жұмыс істеп тұр. Енді Ұлағат шағынауданының тұрғындары орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосыла алады.
Ол үшін тұрғындар «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКК-ға электронды өтінім беруі қажет.
