ОТАНШЫЛДЫҚ СЕЗІМ ОТБАСЫДАН ӨРІСТЕЙДІ

Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің тамыры  отбасынан басталады. Ата-ананың мейірімі, отбасындағы өзара сыйластық пен сенім баланың санасында туған еліне деген адалдық пен жауапкершілік ұғымының негізін қалайды. Осы орайда Арыс қаласында өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеу және жастар арасында отбасы мәдениетін дәріптеу бағытындағы ауқымды жұмыстар өз жалғасын табуда. Бұл ретте «Руханият орталығы» КММ-нің психолог маманы Ф. Кәдірқұлованың жастар арасында «Отбасы құндылықтары» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, арнайы ақпараттық үнпарақтар таратуы маңызды қадамдардың бірі болды.

Аталмыш басқосу барысында жастардың отбасыға деген оң көзқарасын қалыптастыруға, өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға айрықша назар аударылды. Маман отбасының адам өміріндегі орны, отбасылық қарым-қатынастағы сенім мен түсіністіктің рөлі туралы терең мағлұмат беріп, жастардың санасына салауатты қарым-қатынас мәдениетін сіңірудің маңызын түсіндірді. Кездесу соңында қатысушыларға арнайы ақпараттық үнпарақтар мен психологиялық брошюралар таратылып, отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.

Отбасы – бұл тек бір шаңырақ астында өмір сүретін жандардың мекені емес, бұл адам баласының алғашқы тәрбие мектебі, жылулық пен мейірімнің ортасы. Берік әрі тату отбасыдан шыққан жас қана елінің ертеңі үшін жауапкершілікті сезініп, отансүйгіштік қасиетті бойына сіңіре алады. Өйткені мықты отбасы – бақытты ұрпақтың, ал бақытты ұрпақ – тұтас бір қоғамның мызғымас негізі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар